Мәдениет қызметкерлерінің аттестациясы заңнан алынып тасталады

13 Қараша 2024, 10:54
299
Бөлісу:
Мәдениет қызметкерлерінің аттестациясы заңнан алынып тасталады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Мәжілістің жалпы отырысында мәдениет саласына қатысты мәселелерді талқылағанда осы сала қызметкерлерінің аттестациясына қатысты сұрақты көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасына сәйкес мәдениет қызметкерлерін және мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестациядан өткізу қағидаларын бекіту жөнінде құзыретті алып тастап отырсыз. Аттестация ұйымдардың негізгі қызметінің тиімділігін бағалау, сондай-ақ материалдық, еңбек және қаржы көздерін ұтымды пайдалану мақсатында жүргізіледі. Сіздер құқық қорғау практикасында 5 жылда бір рет аттестациядан өткізу бойынша бұл талап сақталмайтынын келтіріп отырсыз. Өйткені бұл үлкен еңбек ресурстары мен шығындарды талап етеді. Аттестация қорытындысы бойынша үлкен өзгерістер болмайды деп отырсыздар. Алайда, менің ойымша, мұндай құзыреттілікті алып тастау нормасы оның қолайсыздығымен және тиімсіздігімен заңсыз негізделетін секілді, - деді депутат.

Оның сөзінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамада бұл құзыретті алып тастау сыбайлас жемқорлық қылмысының белгілеріне жататыны жазылған.

Қолданыстағы заңнамадан осындай маңызды функцияны алып тастау қаншалықты дұрыс болады? – деп сұрады Жанарбек Әшімжанов министр Аида Балаевадан.

Мәдениет және ақпарат министрі депутатқа уайымдауға себеп жоқ екенін айтты.

Бұл жерде уайымдайтын себеп жоқ. Заң жобасындағы барлық шара мемлекеттік жүйенің жақсы қызмет етуіне бағытталған. Сондықтан министрліктің еншісіндегі барлық міндет пен жауапкершілік сақталып қалады. Сонымен бірге министрліктің әр бағытының тұрақты жауаптымыз, мүдделіміз. Министрліктің мәдениет саласындағы қызметкерлерінің аттестация мәселесі заңнамадан алынып тасталып, министрліктің нақты ережесіне енгізіледі. Әр бағыттың нәтижелі дамуы бірінші кезекте кадрларға байланысты. Кадрлардың тәжірибелі болуы, сапалы жұмыс істеуі бізге өте маңызды. Сол себепті ол министрліктің ережесінде қарастырылып, арнайы бұйрықтармен бекітіледі, - деп түсіндірді Балаева.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда таныстырғанын жаздық. 

Өзгелердің жаңалығы