Made in Kazakhstan: Жас зертетушілер антисептик өндірісін бастады

10 Маусым 2020, 20:24
2327
Бөлісу:
Made in Kazakhstan: Жас зертетушілер антисептик өндірісін бастады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің жас ғалымдары антисептик өндірісін қолға алды. Бүгінгі күнге дейін өнімнің қауіпсіздікке сәйкестігін дәлелдеу үшін сертификаттаудан өтіп, ұлттық сараптама орталығының рұқсатын алған.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жас зерттеушілері антисепти кқұралдарына сұраныс болған сәтте өндірісті қолға алғысы келген. Бұған дәріханалардағы қымбатшылық түрткі болған. Жастардың дегенін орындау үшін сот шешімімен заңсыз айналымнан алынған контрабандалық спирт өнімдері қолданылды.

2001.PNG

Химия және химиялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Мәдениет Елубайдың айтуынша, антисептик Дүниежүзілік Денсаулық ұйымы ұсынған рецептура бойынша әзірленді.

 

Ең басты компонент - спирт. Сосын глицерин, сутегінің асқын тотығы, дистельденген су керек. Өнімі біз кафедрамыздың зертханасында жасап шығардық. Оған «Элит» деген атау бердік. Контрабандалық спирттің болғаны өндірісімізді жандандыра түсті. Мыңнан астам литр спирттік өнімді алдық. Қалған қоспаларды өзіміз сатып алдық. Пандемия кезінде университет  ішін залалсыздандыруға құралды мол мөлшері керек болды. Енді оқу орнының ішінде өзіміздің антисептиктерден санитайзерлер жасадық. Бас-аяғы мыңнан астам литр антисептик шығардық. Бір бөлігін халыққа тегін тараттық, - дейді Мәдениет Елубай.

 

"Элит" өнімі ұлттық сараптама орталығының сәйкестік сертификатына ие. Жас химиктердің қолында антисептиктің қауіпсіздік талаптарына сай екенін дәлелдейтін құжат бар.

Айта кетейік, университетте ауаны бактериялардан тазартатын жарықшам өндірісі де бар. Бүгінгі күнге дейін 40 данасы өндіріліп, сатылымға шығарылды. Бағасы - 28 мың теңге. Бүгінде облыс әкімдігінде орнатылғандары да бар. Сонымен қатар, Өскемен және Нұр-Сұлтан қалаларынан тапсырыстар түсті. Құрал "бактерицидті рециркулятор" деп аталады.

Өзгелердің жаңалығы