Мұқтаждарға көмек көрсетудің екінші кезеңі 27 сәуірден басталады

24 Сәуір 2020, 13:36
1469
Бөлісу:
Мұқтаждарға көмек көрсетудің екінші кезеңі 27 сәуірден басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен дүйсенбіде, яғни 27 сәуірден бастап "Birgemiz" қорынан мұқтаждарға көмек көрсетудің екінші кезеңі басталмақ.

Бұл жолы осыған дейін мұндай көмек алмаған 210 мыңнан астам мұқтаж отбасы қамтылып, оларға 50 мың теңгеден аударылады. Бұл туралы Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында күллі мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айымен құттықтаған жазбасында айтты.  
Бұл ретте Елбасының тапсырмасымен "Nur Otan" партиясы да алғашқы күннен бастап өзінің бүкіл әлеуетін Президент жариялаған коронавируспен күрес шараларын қолдауға, мұқтаждарға көмек ұйымдастыруға жұмылдырды. "Birgemiz" қоры аясында 152 мың отбасы 50 мың теңгеден біржолғы көмек алды. 76 мың отбасы бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік жағынан әлсіз тұрғындарға 5 миллион маска тегін таратылды. Партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен дүйсенбіде, яғни 27 сәуірден бастап мұқтаждарға көмек көрсетудің екінші кезеңі басталмақ. Бұл ретте алдында мұндай көмек алмаған 210 мыңнан астам мұқтаж отбасы қамтылып, оларға 50 мың теңгеден аударылатын болады, - деп атап өтті Бауыржан Байбек. 
муктаж1.jpeg


 Оның айтуынша, сонымен бірге азық-түлік себеті мен жеке қорғаныс құралдары түріндегі атаулы көмек көрсету де өз жалғасын табады. 
Қасиетті айда осы бағыттағы игілікті істерді әрі қарай іліп әкетіп, қиналғанға демеу, жабыққанға жебеу болатын қайырымды жандар қатары арта түсетініне сенімдімін. Биылғы Рамазан айы барша әлем халқы қатерлі індетпен күресіп жатқан қысылтаяң шақпен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекетіміздің дер кезінде қолға алған сақтық шаралары мен халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында бұл қатерлі індеттің кең таралуына жол берілмей, қиындықтарды біртіндеп еңсеріп келеміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында атап көрсеткендей, "Рамазан айында әрдайым ырыс пен ынтымақ, ізгілік пен мейірім салтанат құрады". Отыз күн Оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылық көрсету игі дәстүрге айналды, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы