Бауыржан Ысқақ: МӘМС мақсаты табыс табу емес, тиімді медициналық қызмет көрсету

25 Қыркүйек 2019, 15:01
5395
Бөлісу:
Бауыржан Ысқақ: МӘМС мақсаты табыс табу емес, тиімді медициналық қызмет көрсету
Серіктестік материал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің толық іске қосылуына санаулы ай қалды.

Ал Қарағанды облысында медсақтандырудың пилоттық жобасы жұмысын бастап та кетті. Өңір тұрғындары жаңа жүйені жақсы қабылдауда, медициналық ұйымдардың да беталысы жаман емес. Ал өзге аймақтар МӘМС талаптарына сай жұмыс істеуге дайын ба? Шалғай елдімекендерде әлі де шешілмеген қандай мәселелер бар? Осы тақырып төңірегінде Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақпен әңгімелескен едік.
- Бауыржан Ербозымұлы, қазір елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты жаппай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа жүйенің артықшылығы барынша насихатталуда. Бірақ, біз медициналық сақтандыруды бірінші рет енгізгелі жатқан жоқпыз ғой...

- Ойыңызды түсіндім. Сіз 1996 жылы тәжірибе ретінде енгізілген медициналық сақтандыруды меңзеп тұрсыз ғой. Мен оған баға бере
алмаймын, бірақ, өткеннен сабақ алу керек. Ол кезде мемлекетімізде қазіргідей тәжірибе болған жоқ, медициналық сақтандыру тәсілі мен оны жүзеге асыратын тетіктер жұмыс істемеді. Сондай-ақ, қаржыны жинақтау мен төлем желісі нақтыланбаған еді. 1996 жылы адамдардың көбі жұмыссыз еді, салдарынан азматтар қорға тұрақты ақша аудара алмады. Денсаулық сақтау саласы өз бетінше, сақтандыру қоры жеке-дара жұмыс істеді. Ал қазір Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіріспес бұрын барлық тәуекелді алдын ала зерделеп алды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылатын жаңа жүйеде мұндай қателікке жол берілмейді.

- Дәл қазір медициналық сақтандыруды енгізудің қажеті не, Конституция онсыз да отандастарымыздың тегін емделуіне кепілдік
береді емес пе?

- МӘМС жүйесі енгізілген соң, денсаулық сақтау саласы жаппай ақылы қызмет көрсетуге көшеді деген сөз емес. Мемлекет азаматтардың денсаулығы есебінен табыс табуды емес, керісінше, барынша тиімді медициналық қызмет көрсетуді көздейді. Тұрғындар осыны жақсы түсіну керек. 2016 жылдан медициналық қауымдастық пен жұмыс берушілер және тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында МӘМС жүйесі бойынша жалпы 1 107 300 тұрғынның қатысуымен 4 070 кездесу өтті. Ал облыстағы медициналық мекемелерде мамандар сақтандыру жүйесі туралы 1 250 рет кеңес берді.

- Жарайды. Ал МӘМС жүйесін неге дәл қазір енгізуіміз керек?

- Уақыт өтіп, заман дамыған сайын «ауру да асқынып» келеді. Дәрігер ретінде қазір науқастардың дертке төзімділігі өзгергенін байқаймыз.
Экология, техногендік төңкеріс адамзаттың денсаулығына да әсер еткені анық. Демек, медицина да жаңарып, дамып, қайта жабдықталуы керек. Ол үшін қаржы қажет. Осы уақытқа дейін азаматтардың денсаулығына мемлекет қана жауапты болып келді. Әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы жыл сайын артқанымен, ол ақша бәріне жетпейді. Өйткені, адам өмірі үшін күрес тым қымбатқа түсуде. Дерек бойынша, елімізде тәулік бойы ем алудың құны 1,5 есеге, ал күндізгі станционарда емделу 2,5 есеге өскен. Өйткені, медицина саласына енгізілген жаңа технология бойынша қызмет көрсету бағасы қымбаттады. Мемлекет бюджет қаржысы есебінен медициналық қызметті реформалауға міндетті болғанымен, науқастардың ем-домына жұмсалатын шығынды толық өтей алмайды. Адамдар сол себептен де ақылы қызметке
жүгінуге мәжбүр. Соңғы 5 жылда азаматтардың емхана мен ауруханаларға жұмсаған жеке қаржысы 680 млрд теңгеге жеткен. Бұл – еліміздегі денсаулық сақтау саласына кеткен жалпы шығынның 42% құрайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша бұл көрсеткіш 20%-дан аспауы тиіс. Демек, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің қажеттілігі де, тиімділігі де бар деген сөз.

- Науқас үшін нақты қандай тиімділігі бар?

- Тұрғындар бұған дейін Үкімет бекіткен тегін көрсетілетін медициналық қызмет бойынша емделіп келді. Ал МӘМС осы тізімді толықтыра түседі. Яғни, қызмет көрсету 2 пакеттен тұрады. Біріншіден, бұрынғыдай алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем шақыру, санитарлық авиация көмегі, басқа да науқастың өмірін құтқаруға қажетті дәрігерлік көмектің барлығы тегін көрсетіледі. Екіншіден, науқастың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды МӘМС жүйесі жабады. Бұған дәрігердің кеңесінен бастап, диагноз қою, емдеуге қажетті шараның барлығы кіреді. Стационарлық емделу мен дәрі-дәрмек тізімі артады. Қажетті диагностикалық қызмет те қолжетімді болады. Яғни, қазір тұрғындар қосымша қаржы жұмсап отырған ақылы медициналық қызметтердің барлығы міндетті сақтандыру жарнасы есебінен төленеді.

- Демек, емделушінің көп шығынын енді МӘМС жүйесі өтейді. Ал адамдар бұл қызметті тегін алу үшін не істеуі керек?

- Азаматтар өз табысының белгілі бір пайызын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудара алады. Жинақтау жүйесіне
төленетін жарна кезең-кезеңімен өсетінін білесіздер. Мысалы, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті жарна табыстың 1 пайызын құраса, 2018-2019 жылдары аралығында 1,5% өзгерді. Ал жаңа жылдан бастап жарна 2%, 2022 жылдан 3% жетеді.

- Жұмыс беруші мен қызметкерлер жарнаны жалақы, табысынан төлейді, ал аймақтардағы өзін-өзін жұмыспен қамтушылар мен
жұмыссыздар қайтеді?

- Иә, қызметкер үшін міндетті сақтандыру жарнасын жұмыс беруші төлейді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес бірыңғай әлеуметтік төлем жасауы тиіс. Міндетті медициналық жарна осыған кіреді. Енді міндетті әлеуметтік төлемнен кімдер босатылады дегенге мәселеге келсек: мемлекет бірнеше әлеуметтік топты жіктеп, жарна төлеуден босатып отыр. Бұл тізімге балалар, жүкті әйелдер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, 3 жасқа дейін бала тәрбиесімен айналысып отырған ата-ана, мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі жанды күтіп, бағатын қамқоршы, соғыс ардагерлері, көп балалы аналар және тағы басқалар кіреді. Оларға медициналық қызмет тегін көрсетіледі.

- Бауыржан Ербозымұлы, МӘМС жүйесінің толық іске қосылуына санаулы ай қалды. Облыстағы денсаулық сақтау саласы медсақтандыру
бойынша қызмет көрсетуге дайын ба?

- Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылы 1 қаңтардан толық енгізіледі. Ал биыл 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Демек, жаңа жүйе бойынша кем-кетікті жөндеуге, жетілдіруге уақыт бар. Ал өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің қызмет көрсету деңгейіне қатысты қиындықтар кездеспейді деп ойлаймын, біз жаңа жүйеге толық дайынбыз. Әрине, ауылдық жерлерде техникалық кедергілер болуы мүмкін, бірақ бұл уақыт өте шешілетін мәселе. Қазір жергілікті әкімдік пен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры осы кемшілікті жою үшін бірлесіп жұмыс істеуде. Өңірлерде сақтандыру жүйесін ұйымдастыру бойынша арнайы штаб құрылған.

Өзгелердің жаңалығы