Ұлттық музейде жас суретшілердің топтық көрмесі ашылды

3 Тамыз 2019, 05:11
3295
Бөлісу:
Ұлттық музейде жас суретшілердің топтық көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жас суретшілер шығармашылығын қолдау мақсатымен «ArmandaStar» топтық көрмесін ашты. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Республикалық көрмеге Нұр-Сұлтан, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе, Петропавл қалаларының кәсіби маман ретінде енді танылып жатқан жас суретшілер өз туындыларын ұсынды. Көрмеге Айтуарова Людмила, Әшірбекова Дилором, Амренова Әлия, Асқарова Гульбарам, Әбенов Темірлан, Базарбаев Нұрболат, Жораев Бақыт, Даирова Гүлнар,  Кәрібаева Әйгерім, Нұртазин Азамат, Иманғазы Наркес, Ілиясов Мейірман, Құлахметова Айдана, Сергеева Валерия, Хакимова Анеля сияқты жас суретшілер қатысты.

«Жастар – әр мемлекеттің келешегі. Бүгінгі көрме де жас талантты жастарды қолдау үшін ашылып жатыр. Қазақстанның өнері дүниежүзіне танылып келеді, жастарды да осы қатарға шығарғымыз келеді. Бүгінгі көрме олардың алғашқы қадамы, келешекте бұл суретшілер үлкен көрмелерге қатысатынына кәміл сенемін», - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жас суретшілердің шығармашылықтарынан жаңа ізденістерді, өз бейнелеу тілін қалыптастыруға деген талпынысты, өткенмен сабақтастықты көруге болады. Экспозицияда бейнелеу өнерінің кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, цифрлы кескіндеме сияқты түрлері қойылған. Шығармалардан түрлі бейнелеу құралдары арқылы бүгінгі күннің бейнесін, өткеннің және бүгінгі күннің көрінісін тамашалауға болады. 

Фото ҚР Ұлттық музейінен

ArmandaStar - болашақта қазақ бейнелеу өнерінің жарқын бейнесіне айналар талантты суретшілер. Көрме экспозициясына түрлі тақырыптағы жұмыстар қойылды, осыған орай әр суретшінің шеберлігін, өзіне тән ерекшелігін айқын байқауға болады. Дарынды суретшілердің туындылары аталған көрмеге тұңғыш рет ұсынылып отыр. Кейбір шығармалар «Армандастар» көрмесіне арнайы жазылған.


Өзгелердің жаңалығы