Лондоннан арнайы рейспен 95 қазақстандық ұшып келді

14 Сәуір 2020, 22:47
1355
Бөлісу:
Лондоннан арнайы рейспен 95 қазақстандық ұшып келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавл халықаралық әуежайы "Air Astana" әуе компаниясының Лондоннан келген арнайы рейсін қарсы алды.

СҚО әкімдігі ішкі саясат басқармасының мәліметінше, ұшақпен 95 қазақстандық келді. Олар әр түрлі жағдайға байланысты шетелде болған еліміздің 13 қаласының тұрғындары. Рейсті мамандар асқан қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қарсы алды. 

Бекітілген алгоритмге сай барлық қызметтердің іс-қимылы үйлестірілді. Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шаралары сақталды, яғни әуежай аумағы, жүк қоятын және орналастыру аймақтары дезинфекцияланды. 

Ұшақ жолаушылары мен экипаж мүшелерін әкімдік және полиция қызметкерлері арнайы бағыт бойынша алдын ала дайындалған мейманханаға жеткізді. Мамандардың айтуынша, келушілерге бар жағдай жасалған. 
 

Жолаушыларды және экипаж мүшелерін Петропавлдағы көп адам қабылдай алатын үлкен мейманханалардың біріне орналастырдық. Мейманханада барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталды. Келгендер екі тәулікке оқшауландырылды. Бұл жерде олар COVID-19 вирусына алынған зертханалық талдау қорытындысын күтеді. Нәтижесін алғаннан кейін тұрғылықты жерлеріне, үй карантинінде отыру үшін аттандырылады, - делінген баспасөз хабарламасында. 


 

Өзгелердің жаңалығы