Ливан президенті Джозеф Аун Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесіп, Израильмен жасалған негіздемелік келісімді жүзеге асырудың келесі қадамдарын талқылады.
Ливан президенті кеңсесінің мәліметінше, Аун АҚШ-қа келіссөздер үдерісіне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, 26 маусымда қол қойылған негіздемелік келісімнің басты мақсаты Израильмен қақтығысты тоқтату екенін мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, келісімді іске асыру Израиль әскерін Ливанның оңтүстігіндегі аумақтардан шығарудан басталуы тиіс. Кейін бұл өңірде Ливан армиясының бақылауымен алғашқы пилоттық қауіпсіздік аймағын құру жоспарланып отыр.
Кездесу барысында Джозеф Аун АҚШ-тан Ливан армиясы мен қауіпсіздік құрылымдарына қолдауды күшейтуді, сондай-ақ энергетика, телекоммуникация және көлік салаларына америкалық инвестициялар тартуға ықпал етуді сұрады.
Ақ үйдің мәліметінше, 21 шілдеде Джозеф Аун АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі. Бұл 2009 жылдан бергі алғашқы Ливан–АҚШ саммиті болмақ. Келіссөздер барысында Ливандағы атысты тоқтату режимін сақтау және өңірдегі тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланады.
Еске салайық, 26 маусымда Ливан мен Израиль АҚШ-тың арағайындығымен Вашингтонда өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша негіздемелік келісімге қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, Ливан қарулы күштері ел аумағындағы бақылауды кезең-кезеңімен қалпына келтіріп, ал Израиль әскері басып алынған аудандардан шығарылуы тиіс.