Әлеуметтік қамқорлық: Павлодар облысында 25 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту бағдарламасына қатысады

14 Наурыз 2019, 12:56
2440
Бөлісу:
Әлеуметтік қамқорлық: Павлодар облысында 25 мыңнан астам азамат жұмыспен  қамту бағдарламасына қатысады
Фото: автордан

Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ертіс өңірінде 25 мыңнан астам азамат нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының қатысушысы атанбақ. Бүгінде павлодарлық колледждерде еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша тегін оқу курстары басталды.

Сала мамандарының айтуынша, қысқамерзімді курстар электргаздәнекерлеушісі, токарь, машинист, тракторшы, слесарь-ремонтшы, жиһаз жасаушы, шаштараз мамандықтары бойынша ұйымдастырылған. Керек десеңіз, жасанды кірпік өсіруші мамандығын да игеруге мүмкіндік бар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Қашкенованың айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасына жыл басынан бері 3 мыңнан астам тұрғын қатысқан.

 «Мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде еңбек нарығында талап етілетін кәсіптер бойынша 1349 қатысушысының дағдылары бойынша қысқа мерзімді оқыту жоспарлануда. Осы мақсаттарға 200,6 млн теңге қарастырылды. Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына жоспарланған 1272 адамның орнына 501 жұмыссыз жұмысқа орналасты. Оның ішінде бағдарлама бойынша 286 адам екі қолға бір күрек тапты», - дейді Хелуа Қашкенова.

Айта кетейік, осы жылы тегін оқу курстарын ұйымдастыруда жұмыс берушілермен қатар, жұмыссыздардың да тілегі ескерілген.

«Биыл оқыту жоспарындағы мамандықтарды зерттедік. Олардың қатары бұрын-соңды болмаған салалармен толықты. Мәселен, жұмыспен қамту орталығына жиһаз жинаушы мамандығын игергісі келген азаматтар келді. Осы мамандық еңбек нарығында қажет екенін түсіндік, сондықтан, қысқамерзімді курстарды ұйымдастыруды шештік. Наурыз айында 3 айдан 6 айға дейін өтетін курстарға алғашқы 655 қатысушы қабылданады. Олар 8 колледж бен 23 оқу орталығында жаңа мамандықтарды игереді», - дейді Хелуа Қашкенова.

Бүгінде мемлекеттік бағдарлама бойынша тегін білім алу мүмкіндігіне 29 жасқа дейінгі азаматтар ие.

Жауапты мекеме өкілдерінің мәліметінше, Павлодар облысының жұмыспен қамту органдарының есебінде 4661 жұмыссыз тұр.

Өзгелердің жаңалығы