Лафборо төріндегі жеңіс: Елімізде парафутбол қалай дамып келеді?

ЦП-футболдан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы қола жүлдеге ие болды.

 ҚФФ 7 Қыркүйек 2026, 18:10
7 Қыркүйек 2026, 18:10
107
Фото: ҚФФ

Англияның Лафборо қаласында өткен ЦП-футболдан IFCPF World Championships 2026 әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанды. Ұлттық құрама үшін бұл дүниежүզілік додадағы алғашқы қадам еді – дебютіміз бірден пьедесталдан көрінді. Қазақстандықтар үшінші орын үшін таласта алаң қожайындары – «Loughborough Para Football» командасын 7:2 есебімен ойсырата жеңді.

ЦП-футбол – сал ауруына (церебралды паралич) шалдыққан балалар мен ересектерге арналған футбол түрі. Мұнда бәрі шынайы: домалаған доп, қақпа, қызу бәсеке, әрбір гол үшін күрес пен жеңістің тәтті дәмі. Тек формат қана әдеттегі футболдан өзгеше – әр командадан алаңға жеті ойыншы шығады, ал ережелер спортшы мүмкіндігіне қарай бейімделген. Көптеген балалар үшін бұл жай ғана спорт емес, өз командалық рухты сезіну, өз күшіне сену және елінің формасын киіп алаңға шығу мүмкіндігі.

Команда қалай жасақталды, неліктен кейбір футболшылар үшін Англияға сапар шетелге жасалған алғашқы саяхат болды және өңірлерде бұл спорттың дамуына не кедергі? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

ҚФФ

ЦП-футбол Қазақстанда қалай пайда болды?

Елімізде бұл бағыт бүгінгі футболдың ұлттық құрамасы жасақталғанға дейін пайда болды. Қазақстанда ЦП-футболды жүйелі түрде дамыту 2017 жылы, яғни Халықаралық ЦП-футбол федерациясына (IFCPF) мүшелікке қабылданған кезден басталды.

Алғашқы қадамдардың бірі ретінде бапкерлерді даярлау қолға алынды. IFCPF қолдауымен әр өңірден келген мамандар церебралды сал ауруы бар балалармен жұмыс істеу әдістемесін меңгерді. Сол жылы Алматыда Орталық Азияда тұңғыш рет сал ауруы және неврологиялық ауытқулары бар балалар арасында турнир өтті. Оған 10 мен 15 жас аралығындағы жас футболшылардан құралған алты команда қатысты.

Көп ұзамай командалар көбейіп, ішкі жарыстар, артынша ұлттық құрама жасақталды.

Бұл бағыттың басында жүрген бас бапкер Шыңғыс Темерхановтың айтуынша, қазіргі құрама шамамен екі жыл бұрын толық қалыптасқан. Осы уақыт ішінде футболшылар тәжірибе жина үлгерді, атап айтқанда Ресейде өткен турнирлерге қатысты.

Алайда әлем чемпионаты олар үшін мүлде басқа деңгейдегі сынақ болды.

Жас құрама тәжірибелі қарсыластарға қарсы

Қазақстан бұл турнирдегі ең жас командалардың бірі болды. Құрамдағы кейбір ойыншылар небәрі 16 жаста. Бапкерлер штабы бұны кемшілік емес, керісінше болашаққа үмітпен қараудың бір белгісі деп бағалайды.

Командадағы ойыншылардың ең жасы 16 жаста. Мәселен, бірінші орын алған Италия сапында жасы үлкен футболшылар, соның ішінде мансабын аяқтауға жақындаған 45 жастағы ойыншылар да болды. Ал біздің команда жас, сондықтан перспективамыз өте жоғары, – дейді Шыңғыс Темерханов.

ҚФФ

Айта кетейік, IFCPF World Championships 2026 жеңімпазы атағын финалда АҚШ-тың «CP Soccer US» командасын 3:1 есебімен ұтқан Италия құрамасы иеленді. Қазақстан турнирді үшінші орынмен түйіндеді. Алайда қазақстандық футболшылар үшін бұл қола медаль – сапардың тек бір бөлігі ғана.

ҚФФ

«Көптеген жігіттер шетелге тұңғыш рет шықты»

Кейбір ойыншылар үшін Лафборо тек әлем чемпионаты өтетін орын ғана емес, өз көздерімен көрген Қазақстаннан тысқары алғашқы қала болды. Алғаш рет халықаралық ауқымдағы турнирге қатысты, ұлттық құрама формасын киді, шетелдік командалармен ойнады. Өзіне мүмкіндігі шектеулі жан ретінде емес, нағыз спортшы ретінде қарады.

Жігіттердің қуанышында шек жоқ. Парафутболдың кез келген бағытын дамыту өте қиын. Сондықтан әлем чемпионатының шыңына жеткеніміздің өзі – үлкен жетістік, – деді бас бапкер.

Оның айтуынша, үлкен спорттың атмосферасының өзі ерекше әсер қалдырған.

Көптеген бала шетелге алғаш рет шығып отыр. Спортшы үшін үлкен турнирдің, ұлттық құраманың бір бөлшегі екенін сезінудің маңызы зор, – деді ол.

ҚФФ

Құрама капитаны Олжас Есперов үшін футбол бала күнінен өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Ол бұл спортпен бала кезінен айналысады, ал қазір жаттығулар мен сайыстарды негізгі жұмысымен ұштастырып жүр.

Олжастың айтуынша, әлем чемпионаты командаға медаль әкеліп қана қоймай, спорттың бүгінде бұл туралы білмейтін балаларға қаншама мүмкіндік беретінін ұғындырды.

Қазақстан футбол федерациясына бізге осындай сапар ұйымдастырып, әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік бергені үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді. Елімізде ЦП-футболды дамыту үшін бұл ауадай қажет. Футбол ойнауды армандаса да, түрлі шектеулерге тап болатын балалар өте көп. Сондықтан мұндай сапарлар мен осы бағытты өркендетудің маңызы зор деп есептеймін, – деді Олжас.

Олжас Есперовтың жеке мұрағатынан

Дегенмен оның өмірі тек футболмен шектелмейді. Тұрақты жұмысы болар тұра жиындар, жаттығулар мен жарыстарды қатар алып жүрү Барлығын үйлестіру кейде оңай соқпаса да, Олжас бұл спорттан бас тартпайтынын жеткізді.

Егер ниет пен қолдау болса, бәрін де қатар алып жүруге болады деп ойлаймын. Ең бастысы – шынайы қалау мен уақыт бөле білу, – деді ол.

Қазақстанда ЦП-футболмен қай жерде айналысуға болады?

Бүгінде елімізде ЦП-футболдан 7 команда жұмыс істейді, ал ойыншылардың жалпы саны 100-ге жуықтайды.

Секциялар Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Атырау және Павлодар қалаларында ашылған. Жаттығулар тегін жүргізіледі.

Дегенмен баланың алғашқы жаттығудан бастап ересектер командасы мен ұлттық құрамаға дейінгі жолдан өтетін толыққанды жүйесі әлі де қалыптаса қойған жоқ. Бапкердің айтуынша, бұл спортпен ертерек айналысуға болғанымен, тәжірибеде көп балалар секцияға 14-15 жас шамасында келеді. Кішкентай балаларға арналған бөлек даярлық жүйесі әзірге жоқтың қасы.

Бірақ ресми түрде жасөспірімдерді ЦП-футбол бағдарламаларына ертерек қабылдауға болады. ҚФФ бұған дейін 12 жастан бастап қабылдау жүретінін хабарлаған болатын.

Құрамаға іріктеу көбіне ішкі жарыстар арқылы жүргізіледі. Ойыншы Қазақстан чемпионатында өзін көрсетіп, ұлттық командаға шақырту алуға мүмкіндік алады.

ҚФФ

Бұл спортты дамытуға кімдер атсалысып жүр?

Шыңғыс Темерхановтың айтуынша, Қазақстан футбол федерациясы бұл саланы бірнеше бағыт бойынша қолдап келеді: ішкі жарыстарды ұйымдастырады, құраманы киім-кешекпен қамтамасыз етеді, оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық сапарларға қаржы табуға көмектеседі.

Солардың бірі – «Para Football Bestival» фестивалі. Бұл шарада ЦП-футболдан 7 және блайнд-футболдан 6 команда бақ сынады.

Жарыстарды өткізуге қолдау бар. Мәселен, біз блайнд-футболдан 6 және ЦП-футболдан 7 команданың қатысуымен парафестиваль ұйымдастырдық. Федерация командалардың тамағы мен жатын орнын төлейтін демеушілерді тауып берді. Ал УЕФА ұйымдастыру шығындарын – марапаттау атрибутикасын, кубоктарды, техникалық қамтуды, баннерлерді, су мен автобустарды өз мойнына алды, – деді Темерханов.

Мамандарды даярлауға да айрықша көңіл бөлініп отыр. 2025 жылдың шілде айында Астанада ҚФФ мен Халықаралық ЦП-футбол федерациясы (IFCPF) бірлесіп халықаралық бапкерлер семинарын өткізді. Оған Қазақстаннан 13 маман қатысты.

Бұл оқиға спорт саласы үшін де айрықша маңызға ие. ҚФФ мәліметінше, әлемдік тәжірибеде алғаш рет ЦП-футбол бойынша Pro санатындағы бапкерлерді оқыту курсы Астанада өткен.

Жылына бір чемпионат жеткіліксіз

Прогресс бар болғанымен, командаларға ойын тәжірибесі әлі де жетіспейді. Қазақстан чемпионаты жылына бір-ақ рет ұйымдастырылады және небәрі бірнеше күнге ғана созылады. Ұлттық құраманың бас бапкерінің пікірінше, ойыншылар тұрақты түрде өсу үшін жарыс алаңына әлдеқайда жиі шығуы тиіс.

Жарыстарды жылына төрт рет өткізген дұрыс. Қазір біз демеушілермен жұмыс істеп, командалардың ойын тәжірибесі көбірек болуы үшін қаржы көздерін іздестіріп жатырмыз, – деді Темерханов.

Тағы бір түйткіл – өңірлердегі бапкерлердің жағдайы. Маманның айтуынша, командаларды тұрақты қаржыландыру барлық жерде бірдей емес, ал көптеген тәлімгерлер тек энтузиазммен ғана жұмыс істейді.

ҚФФ

Сондықтан ЦП-футболды әрі қарай дамыту үшін тек чемпионаттар ұйымдастыру жеткіліксіз. Бұл үшін жалақы алатын бапкерлер, сапалы экипировка мен инвентарь, тұрақты жиындар және жарыстарға қатысып тұру мүмкіндігі қажет.

Ең қиыны – алғашқы қадам жасау

Алайда Шыңғыс Темерхановтың айтуынша, басты кедергі әрқашан ақшаға немесе футбол алаңдарының жоқтығына тіреле бермейді.

Кейде ең қиыны – баланың өзін және ата-анасын бұл спортпен шынымен де айналысуға болатынына сендіру.

Парафутболдағы басты қиындық – адамды спортқа алып келу. Церебралды сал ауруы бар жас жігіттің өзіне сеніп, футбол ойнай алатынына көзі жетуі маңызды, – деді бапкер.

Әзірге секциялар тек бірнеше қалада ғана бар, сондықтан басқа өңірлердің балаларына тұрақты түрде жаттығу қиындау соғады.

Дегенмен ЦП-футбол үшін күрделі әрі қымбат инфрақұрылымның қажеті жоқ. Қарапайым футбол алаңы, стандартты доп пен қақпа болса жеткілікті. Одан маңыздысы – жанында осындай ерекшеліктері бар ойыншылармен жұмыс істей алатын кәсіби маманның болуы.

Егер өңірде ойнағысы келетін балалар болса, Темерхановтың айтуынша, ҚФФ жергілікті бапкерді даярлауға көмектесе алады. Бірақ секцияны ашу және оны қаржыландыру мәселесі жергілікті деңгейде шешілуі тиіс.

ҚФФ

Өз баласының ЦП-футболмен айналысқанын қалайтын немесе өз қаласында осындай бағытты ашқысы келетін ата-аналар Қазақстан футбол федерациясына тікелей хабарласа алады.

Қазақстан футбол федерациясына ресми өтініш жазып, байланыс нөмірін қалдыруға болады. Өтініш маған беріледі, содан кейін мен адаммен хабарласып, қажетті ақпаратты бере аламын, – деп түсіндірді Шыңғыс Темерханов.

Лафборо қаласындағы бұл қола жүлде – жас құраманың алғашқы үлкен белесі. Алайда спортшылар үшін ең бастысы бұл емес. Енді футболға құштар, бірақ әзірге шетте қалып жүрген балалардың болашаққа сеніммен қарауына туған елінің командасы үлгі бола алды.

Наверх