Қызылордалықтар қайтарымсыз гранттың көмегімен кәсіптерін ашып жатыр

27 Шілде 2021, 18:42
2647
Бөлісу:
Қызылордалықтар қайтарымсыз гранттың көмегімен кәсіптерін ашып жатыр

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Жаңақорған ауданының 300 тұрғыны мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді.

Жаңақорған ауданында мемлекеттік бағдарламалар негізінде кәсібін дамытып жатқандар көп. Әсіресе, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізуде белсенділік танытуда. Атап айтсақ, екі жыл бұрын ауданда мемлекеттік қолдаудың арқасында 202 тұрғын кәсіп бастаса, өткен жылы 256 тұрғын кәсібін ашты. Ал биыл 300 аудан тұрғыны қайтарымсыз қаржының игілігін көрді.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша осы жылы қайтарымсыз гранттың қаржысы артып, 556 мың теңгеден берілуде. Аталған бағдарлама негізінде биыл шілде айының бас кезінде аудандық комиссияға 123 жоба келіп түскен. Бұл жобалардың 85-і мал шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр.

Расын айтқанда, тұрғындар арасында мемлекеттің қаржысына немқұрайлылық танытатындар да бар. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 556 мың теңгеге бір бұзаулы сиыр мен қашар алып, сол арқылы кәсіп бастаймын, мал шаруашылығын дамытамын деушілер көп, - дейді комиссия төрағасы Мәжит Балқожаев.

Төрағаның айтуынша, мұндай жағдайлардан соң, комиссия ауылдық округ әкімдігінен грант алуға ниетті ауыл тұрғыны жайында анықтама алу талабын енгізген.

Біз жоба ұсынған тұрғындар туралы ауыл әкімдігі анықтама беруін талап етіп отырмыз. Себебі, грант алушы ауыл тұрғыны туралы барлық анықтама да, оның әлеуметтік жағдайы да ауыл әкімдігіне белгілі, кәсіпке ынтасы бар немесе жоқ екендігі жақсы таныс. Мемлекеттік бағдарлама ұсынған қайтарымсыз қаражат ауылда тың бизнесті ашуға жетпесі белгілі. Алайда жаңa кәсіптің көзін тауып, оны дамытамын деген адамға мемлекет тарапынан төмен пайызды несие де бар екенін ұмытпау қажет. Ең бастысы өз кәсібіңнің сұранысқа ие болуы. Сондай-ақ қазіргі таңда өнім түрлерін өндіру, осы бағыттағы кәсіп түрлеріне мән беру, - дейді комиссия төрағасы.

Дегенмен ауданда мал шаруашылығын қолға аламын дегендерге еш тосқауыл жоқ. Мемлекеттік қолдау аясында бұл бағытты нақты қолға алып, оны шын мәнінде бизнес көзіне айналдырғандар бар. Атап айтар болсақ, ешкі бағып, оның сүтін сатылымға шығарып, адам денсаулығына пайда тигізумен қатар, кәсібін дөңгелетіп отырған Жаңақорған ауданының тұрғыны Азамат Шағатұлы.

Пандемияның кезінде халықдәрі дәрмекпен қатар тұтынатын азық түлігіне де көп мән берді. Әсіресе, қой еті мен ешкі сүтіне сұраныс арта түсті. Оның ішінде орыс ешкісінің сүтін сатып алушылар көп болды, - дейді Азамат Шағатұлы.

Кәсіпкер Азаматтың бұл істі қолға алуына өзінің анасының сырқаттанып қалуы себеп болған.

Індеттің өршіп тұрған уақытында анам сырқаттанып қалды. Еміне орыс ешкі сүтін іздей бастадық. Ауылдан тауып, литрін 800 теңгеден алдырдық. Сол уақытта өзіміз асырап бағу туралы ой келді. Тек ойлап қана қоймай, сол мақсатымызды жүзеге асырып, қазіргі күні үй маңындағы базарға апарып сатып жүрміз, - дейді Азамат Шағатұлы.

Бағдарлама бойынша жоба дайындап, қорғағандардың арасында Байкенже ауылының тұрғыны Бағдәулет Көшекәлінің жаңа кәсібі ауыл тұрғындарының сұранысына көптен ие. Ол мемлекеттің қолдауына ие болып, қазіргі таңда өз туған ауылында шаштараз қызметін бастады. Айта кету керек, бұған дейін ауылда шаштараз болмаған.

Жас кәсіпкер «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұсынған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификатқа ие болған.

«Бизнес Бастау» жобасы бойынша білімімді жетілдіріп, кәсіпкерліктің қыр сырын ұқтым. Сондықтан өз кәсібім туралы жобаны комиссияға ұсындым. Мен бұл уақытқа дейін облыс орталығындағы белгілі сұлулық салондарында жұмыс істедім. Екі жыл бойы тапқан табысым күнделікті шай пұл мен пәтерақысынан артылмады. Жобаға атысып, кәсіп бастап, қазіргі күні ауылдағы алғашқы шаштараз қызметін бастап кеттім. Осылайша өзімнің жеке кәсібімді дөңгелетіп, ауылдастардың ба сұранысына сай тірлік етудемін, - дейді жас кәсіпкер.

Мемлекеттің қолдауына ие болған аудандағы Қожакент ауылының тұрғыны Ержан Исахан автокөліктерге қызмет етуге арналған техникалық жөндеу орталығын ашты.

Өз үйінің ауласынан шағын цех ашуды көздеген кәсіпкер қазіргі таңда көліктің дөңгелегін ауыстырудан бастап біршама техникалық қызмет түрлерін ауыл халқына ұсынып келеді. Бүгінде кәсіпкердің тұрақты тұтынушылары да бар.

Өз кәсібімді ашқанға дейін әртүрлі жұмыс істедім. Жеке бизнес туралы көптен ойлап жүрдім. Тәуекелге бел буып, мемлекеттік бағдарлама бойынша өз өзімді жұмыспен қамтуды көздедім. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға ие болып, өз үйімнің ауыласынан автокөлік жөндеуге арналған цех аштым. Цех есігі ашылғаннан бастап ауыл тұрғындары қызметіме жүгініп, алғыстарын білдіруде. Қазіргі күні табысымда жаман емес, - дейді Ержан Исахан.

Көпбалалы әке осылайша көптен бергі ойын іске асырып, бүгінде отбасын асырап отыр.

Аудандағы Талап ауылының тұрғыны Серік Әскербекұлы ерекше кәсіпті қолға алып, сол арқылы өзінің ісмерлігін де көрсетіп жүр. Оның қызметіне көрші облыс тұрғындары да жүгінуде.

Темірден түйін түйген ұста Серік Әскербекұлы бұл кәсіпті жайдан жай таңдаған жоқ. Ол бұл істе бала жастан меңгеріп, өзінің сүйікті ісін бизнеске айналдырып отыр.

Бала күнімнен темірді өңдеу ісін көріп өстім. Өзімде осы іске жақын болдым. Темірді балқытып, кез келген тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасаймын. Есік, терезе торлары, сәкі, гүлге арналған ыдыстар жасап жүрмін. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының дарбазаларын заман талабына сай еңселі етіп жасап беру ойда бар. Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Жаңақорған ауданынан алғашқы тапсырыстар келіп түсті, - дейді кәсіпкер.


Өзгелердің жаңалығы