Қызылорданың 100 медицина қызметкеріне демалыс орнына жолдама берілді

7 Желтоқсан 2020, 17:50
1382
Бөлісу:
Қызылорданың 100 медицина қызметкеріне демалыс орнына жолдама берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирус инфекциясымен күреске атсалысқан 100 медицина қызметкеріне Ақмола облысы Бурабайда орналасқан Щучинск демалыс орнына тегін жолдама берілді. 

Сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының мүшелеріне 30 пайыздық жеңілдікпен демалыс орындарына жолдама қарастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

Төтенше жағдай жарияланған наурыз айынан бастап облыстағы кәсіподақ ұйымдары барлығы 37 453 500 теңге қаражат қолдау шараларына жұмсады. Оның ішінде 28 миллион 851 мың қаражатқа қайырымдылық көмек көрсетілсе, 8 миллион 602 мың қаражат кәсіподақ ұйым мүшелеріне бетперде, антисептик секілді қорғаныш құралдары алынды. Пандемияға байланысты облыстық кәсіподақтардың арнайы штабы құрылды. Еңбек ұжымдарындағы ахуалға қатысты күнделікті мониторинг жүргізді.
Өздеріңіз білесіздер, карантин талаптары күшейтілген тұста көпшілігі қашықтықтан жұмыс жасады. Жұмысшылардың ақылы, ақысыз демалысқа шығуы, қашықтан жұмыс істеуі, еңбекке жарамсыздық туралы шұғыл ақпараттар жинақтадық. Түрлі мәселелер туындады. Вахталық жұмыскерлердің жұмыс режимдері, олардың тесттен өтуі, жұмысқа бармаған жұмыскерлердің жалақысы сақталуы, қаладағы үздіксіз жұмыс жасайтын стратегиялық маңызы бар жұмыс орындарының, медицина мекемелері жұмыскерлерінің жұмысқа қатынауы. Кемшіліктерді дер кезінде анықтап, қалыпқа келтіруіне атсалыстық. Арнайы қауырт желісін іске қостық. Бүгінге дейін 886 хабарлама түсіп, барлығына жауап берілді, - деді облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Серік Сермағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы