Қызылорда облысында егінді әртараптандыруға ерекше ден қойылды

28 Мамыр 2021, 15:19
3839
Бөлісу:
Қызылорда облысында егінді әртараптандыруға ерекше ден қойылды

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында су тапшылығына байланысты егінді әртараптандыруға айрықша көңіл бөлінуде.

Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының мiндетiн атқарyшы Айнұр Тілеулееваның мәліметінше, биыл аймақта 188 мың гектардан астам аумаққа егiн егілмек. Соның ішiнде 96,6 мын гектары – дәндi дақылдар, 6,7 мыңы – майлыдақылдар, 66,4 мыңы – мал азығы дақылдары, 18,5 мыңы – кapтoп, көкoнiс, бақша өнiмдерi, 84,4 мың гектары – күріш.

Қазіргі таңда Сырдария өзенінің деңгейі төмендеп, өңірде су тапшылығы мәселесі туындауына байланысты егін шаруашылығын әртараптандыруға басымдық беріп отырмыз. Осы мақсатта биыл 98 гектар жерге соя, 40 гектар аумаққа қант құмайы егіледі. Сондай-ақ 66 гектар жерге жеміс-жидек пен жүзім отырғызылады. Бүгінде суды үнемдеу технологиясын пайдалана бастадық. Тамшылату әдісі бойынша 3 гектар жерге қызанақ, жаңбырлату әдісі бойынша 87 гектар аумаққа жүгері дақылы, 10 мың гектарға жоңышқа егілді, – деді Айнұр Маратқызы.

Аймақта егінді әртараптандыруға көшкен шаруалардың бірі – жаңақорғандық «Пазылбек қажы» шаруа қожалығының төрағасы Ғалымжан Орынбасаров. Диқан 500 гектар жерге мақсары дақылын екті. Ол тұқымды Орал, Арқалық қаласынан алдырды. Шаруа тұқымды наурыз айында егуді жоспарлағанымен, ол уақытта ауа райы қолайсыздық туғызған. Осылайша дән сәуір айында себілді.

Диқанның айтуынша, ол әр гектарға 25-30 келі тұқым шашқан. Енді орташа есеппен 8-15 центнерден өнім алу жоспарланып отыр.

Шаруа қожалығының төрағасы былтырғы жылы мақсары дақылын 2 гектар жерге егіп көріп, оң нәтижеге қол жеткізген болатын. Былтырғы тәжірибе бойынша биыл жер көлемін ұлғайтып, дала жұмыстарына кірісіп кетті. Енді 3 айдан соң өнім беріле бастайды. Жалпы мақсары дақылы жайылымдық жерге егіледі. Суды көп қажет етпейтін бұл өнімге жаңбыр суы да жеткілікті.

Облыста су тапшылығы мәселесі жылдан-жылға шаруаларға қиындық туғызып отыр. Қазіргі таңда негізгі дақыл күрішті егу қысқартылды. Оның орнына майлы және мал азығы дақылдары көп егілуде. Біздің шаруашылық мақсары егуді жолға қойдық. Сыр өңірі мақсары егуге өте қолайлы. Ол көп күтімді қажет етпейді. Тек тыңайтқышын уақытылы беріп тұру қажет. Сондай-ақ зиянкестер түскен уақытта арнайы дәрісін шашамыз, - дейді Ғалымжан Орынбасаров.

Дақылдың тағы бір ерекшелігі – ол өскен сайын бойында тікен пайда болады. Бұл егістікке малдың түсіп кетпеуіне септігін тигізеді. Яғни, мұны түйеден басқа жануар жей алмайды. Сондықтан жаңақорғандық мақсары егуші шаруалар алқапты қоршамаған.

Шаруашылық төрағасының айтуынша, мақсары дақылынан келетін пайда көп. Мақсарының майынан өсімдік майын да, құрылыс заттарына қажетті бояу түрлерін де алуға болады. Сондай-ақ дақылдың майы косметика өнімдерінің құрамында кездеседі.

Мақсары майы – табыс көзі. Алдағы уақытта жиналған өнімді Түркістан облысындағы май зауытына өткіземін. Алдағы күндерге жоспар көп. Болашақта мақсары майын өндіретін кәсіпорын ашуды көздеп отырмын, - дейді шаруа.

Қазіргі таңда аймақта су үнемдеу технологиясын қолдануға көшкен шаруашылықтар көп. Солардың бірі – Қазалы ауданындағы «РЗА» компаниясы.

«РЗА» АҚ-на қарасты «РЗА-Асыл түлік» ЖШС мамыр айының алғашқы онкүндігінде 87 гектарға сүрлемдік жүгері дақылын егуді бастады. Егістік алқап жаңбырлатып суару әдісі арқылы суарылады.

Шөлейтті өлке шаруалары алқапты суару кезінде пайдаланылған судың басым бөлігі сол жердің тұзын шаюға жұмсалатынын айтып отыр. Осы орайда жаңбырлатып суару әдісі құптарлық шешім болған сияқты.

Жердің тұзын шаю үшін 24 сағат бойы суаруға тура келеді. Қазіргі таңда жерді құнарландырдық. Жерге малдың қиымен қоса, тыңайтқыш сеуіп, тегістеу, тырмалау, қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіздік. Спринкерлік жүйе негізінде 2 метр тереңдікке дренажды құбыр жүргізілді. Бұл – шайылған тұзды суды егістіктен шығарып тастауға көмектеседі. Сондай-ақ жерасты суының көтерілуіне жол бермейді, - дейді серіктестік директоры Жеңіс Қарабалаев.

Құны 600 млн теңге көлеміндегі жоба аясында 2019-2020 жылдары 87 гектар жерге жерасты дренажды құбыры жүргізілген. Бұл қаражатқа қоршау орнатылып, насостар қойылған. Өткен жылы қажетті құрал-жабдықтар алынды. Жабдықтардың қатарындағы ең негізгісі – испаниялық компанияның өнімі жаңбырлатып суару қондырғысы.    

Жаздың соңғы күндерінде жүгеріні жинаймыз. Оның орнына бидай егеміз деп жоспарлап отырмыз. Қыс бойы қар астында жатқан өнімді көктемде жинауға кірісеміз, - дейді Жеңіс Қарабалаев.

Өзгелердің жаңалығы