Қыркүйекте вакцинаны өзіміз өндіріп, өзіміз құятын боламыз – Сапарбаев

21 Маусым 2021, 13:47
2492
Бөлісу:
Қыркүйекте вакцинаны өзіміз өндіріп, өзіміз құятын боламыз – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде есеп беру кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.

Брифинг барысында аймақ басшысы Жамбыл облысында құрылысы жүргізіліп жатқан вакцина өндіру зауытында қазіргі күні атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Елімізде мұндай зауыт салуда тәжірибесі болмағандықтан, бірқатар шетелдік өндірушімен әріптестік орнатуға тура келді. Қытай мен АҚШ-тан бастап бірнеше елмен байланыс орнаттық. Құрылғыларға тапсырыс бердік. Пандемия кезінде оларды жеткізу де оңай болмады. Мысалы, кейбір құрылғыны Шанхайдан әкелдік, оның қай станциядан қай станцияға жеткенін қадағалап отырдық, - дейді ол.
Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бүгінгі күні зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары мен ішкі әрлеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар зауытты газбен, жылумен қамтамасыз ететін қосымша нысандар құрылысы да жүргізілді. Қытайлық, италиялық және украиналық мамандар құрылғыларды валидациялау ісімен айналысуда.

Күні кеше біз сынақ ретінде алғашқы техникалық іске қосу жүргіздік. Барлығы қалыпты режимде істеп тұр. Құрылғыларды валидациялау аяқталған соң, технологияны валидациялау жүргізіледі. Осыдан кейін Денсаулық сақтау және Білім министрлігімен GMP талаптарының сертификаты енгізіледі. Оған бір жарым айдай уақыт кетеді. Сертификациядан кейін лицензия алу процесі басталады. Осының барлығын қыркүйек айына дейін аяқтап, вакцинаны өзіміз өндіріп, құюды жоспарлап отырмыз, - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысы қант пен картоп өндіруді қолға алғанын мәлімдеді.
Өзгелердің жаңалығы