Қылмыстық кодексте өлім жазасына қатысты өзгерістер енгізіледі

22 Сәуір 2021, 12:47
1466
Бөлісу:
Қылмыстық кодексте өлім жазасына қатысты өзгерістер енгізіледі

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов өлім жазасының күшін жою бойынша заң жобасы Парламент қарауына қашан енгізілетіні туралы айтты.

Жыл басында Қазақстан өлім жазасының күшін жоюға бағытталған халықаралық пактіге Екінші факультативтік хаттаманы ратификациялады. Оны жүзеге асыру тұрғысында Қылмыстық кодекске тиісті түзетулерді пысықтау талап етілді. Осы орайда бұл бағыттағы жұмыстар қай кезеңде тұр?, - деп сұрады сенатор Сергей Ершов.

Берік Асыловтың айтуынша, Бас прокуратура өлім жазасы бойынша заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеген. 

Құжат НҚА қоғамдық порталында талқыланды. Ақпан айында ведомствоаралық комиссия өтті, үкімет оны мақұлдады. Қазіргі таңда Бас прокуратура заң жобасын әзірледі, - деді ол.

Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, заң жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Яғни экономикалық, лингвистикалық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттар бойынша талдау жасалады.

Тиісті қорытындыны алғаннан соң, оны Үкіметке, содан кейін сіздерге таныстырамыз. Шамамен мамыр-маусым айларында жоспарлап отырмыз,- деді Берік Асылов.

Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан Президенті Сыртқы істер министрлігіне өлім жазасын жоюға бағытталған халықаралық хаттамаға қосылу рәсімін бастауды тапсырған болатын.


Өзгелердің жаңалығы