Павлодарда карантин кезінде күйзеліске ұшырағандарға кәсіби көмек көрсетілуде

9 Қазан 2020, 18:29
1406
Бөлісу:
Павлодарда карантин кезінде күйзеліске ұшырағандарға кәсіби көмек көрсетілуде

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тұрғындары пандемия кезінде кәсіби мамандардың көмегіне жиі жүгіне бастаған. Себебі, карантиндік шаралар салдарынан психикалық ауытқушылықтарға шалдығу деректері көбейді. 

Облыстық психоневрологиялық диспансер мамандарының мәліметінше, бүгінде диспансерлік есепте 9105 адам тұр. Соңғы жылдары 115 адамға азаю байқалады. Мәселен, 2019 жылы есептегі науқастардың саны 9221 пациентті құраған. Ал психикалық ауру түрлері бойынша психикалық ауытқулар емес, стреске байланысты невротикалық бұзушылықтар көбейе түскен. 

Сала мамандары бұл құбылысты пандемиямен байланыстыруда. Облыстық диспансердің жалпы психиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Роза Бабатаеваның айтуынша, карантиндік шектеулер, адамдардың оқшаулануы мен түрле ережелер тұрғындардың психикасына тікелей әсер етті.

Карантин кезінде диспансердің жұмысы тоқтап қалғандай болды. Науқастар тым аз болды. Ал тамыз-қыркүйек айынан бері келішулердің легі артты. Жан жарасын емдегісі келгендердің қатарында коронавирустық инфекцияны жұқтырып, жазылып шыққандары да бар. Олар ауруды екінші рет жұқтырып аламын ба деп қорқып, үрейленеді. Біз оларға кәсіби көмек көрсетуге тырысамыз, - дейді Роза Бабатаева. 

Мамандардың айтуынша, науқастардың көбі күйзеліс, апатия, ұйқының қашуы, үрей сияқты психикалық ауытқушылықтармен келеді екен. Олар дәрі-дәрмек қабылдау немесе психиатрлардан кеңес алу арқылы емделеді. 

Айта кетейік, былтыр аймақта психологиялық қызмет көрсету мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін шұғыл желі ашылған. Бүгінде күніне 60-тан астам қоңырау түседі. Бұл - былтырғы жылға қарағанда 1,5 есе көп көрсеткіш. 

Психоневрологиялық қызметтегі реформалар соңғы үш жылда атқарылуда. Нақтырақ айтқанда, психиатриялық және наркологиялық ұйымдар біріктірілді.

Өзгелердің жаңалығы