Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Отырыста айыпталушы курстар мен ұтыс ойындарына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот барысында судья мен айыпталушы Эльмира Төлегенова арасында оқыту курстары мен ұтыс ойындарын ұйымдастыруға қатысты сұрақ-жауап өтті.
Судья курстарды ұтыс ойындарынсыз өткізу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.
Төлегенованың айтуынша, мұндай формат әбден мүмкін болған.
Әрине, оқыту курстарын ұтыссыз да өткізуге болады. Бұл – ақпараттық өнім. Бірақ бізге сатылымды арттыру үшін қосымша ынталандыру қажет деген ұсыныс айтылды. Сол себепті осындай акция ұйымдастырдық, – деді ол.
Сонымен қатар сотта басқа блогерлердің де осындай форматта ұтыс ойындарын өткізіп жүргені туралы мәселе көтерілді. Алайда Төлегенова бұл бағытта арнайы зерттеу жүргізбегенін айтты.
Біз басқа блогерлер қанша табыс табады, олар жауапкершілікке тартылды ма деген сұрақтарды нақты қойып, зерттеген жоқпыз, – деп жауап берді айыпталушы.
Оның айтуынша, барлық шешімдер жұбайымен бірге талқыланғанымен, өзге блогерлердің тәжірибесіне қатысты жеке сұрау жүргізілмеген.
Еске сала кетсек, сот отырысы барысында Эльмира Төлегенова кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеді. Айыпталушы ақшаны жылыстату бабына қатысты тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді.
Іс туралы не белгілі?
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс әлеуметтік желілер арқылы автокөлік, ақша және өзге де сыйлықтарды ойнатуға байланысты.
Қатысу үшін қолданушылардан шамамен 30 мың теңге көлемінде “оқыту курстары” үшін төлем жасау талап етілген. Осыдан кейін олар ұтыс ойындарына қатысуға мүмкіндік алған.
Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушылар өздерінің танымалдылығы мен аудитория сенімін пайдаланып, ақылы өнімдерге адамдарды тартқан.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда, тараптар өз ұстанымдарын білдіріп, іс материалдары зерттеліп жатыр.
Айта кетейік, елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотта айыпталушы Эльмира Төлегенова "Біз заң бұзғанымызды мойындамаймын" деді. Даулы мәлімдеме жасап, істегі куәгер ретінде өтіп жатқан IT-маман Сұңғат Өтеболатов тергеу қысымынан кейін айыпталушылардан ақша сұрағанын айтты. Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады және Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасап, "компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолданғанын" айтты.
Бұған дейін Жанабылов "Бізді қылмыскер етіп көрсетті" деп, алғашқы сотта сөйлеуге дайын болмағанын жазған едік. Сонымен қатар, Ерболат Жанабылов тергеуші қысым жасағанын мәлімдеді.
Бүгін белгілі болғандай, Жанабыловтар оқырмандарының біріне көлікті тегін бермек болған.
2026 жылғы 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.
Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.
Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді.
Жанабылов өзіне тағылған айыпты жартылай мойындады.