Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған азаматқа сот үкімі шықты. С.Ш. Қайырбаев мүлкі тәркілене отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, қаржы пирамидасына қатысушыларға құны 120 мыңнан 49 мың АҚШ долларына дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу ұсынылған. Ол үшін салымшылардан USDT криптовалютасымен қаражат салу талап етілген.
Ұйымдастырушылар қатысушыларға виртуалды дүкендерден күн сайын табыс түсетінін және жобаға жаңа салымшылар тартқаны үшін қосымша бонустар берілетінін уәде еткен.
Алайда іс жүзінде виртуалды дүкендерде көрсетілген тауарлар болмаған. Қатысушыларға төленетін табыс нақты тауарлар мен қызметтерді сатудан емес, жобаға жаңа адамдарды тарту және олардың ақша салуына байланысты болған, - деп хабарлады ҚМА.
Салымшылардың қаражаты USDT криптовалютасымен OKX платформасы арқылы электронды әмияндарға аударылған.
Құқық қорғау органдары жүргізген жедел іс-шаралар барысында 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтер бұғатталды. Оның құны шамамен 212 млн теңгеге бағаланды.
Сот үкімімен аталған цифрлық активтердің барлығы мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салсақ, Астанада қаржы пирамидасына адам тартқан әйел 5 жылға сотталды. Сот деректері бойынша оның әрекетінен екі жәбірленуші жалпы сомасы шамамен 23 млн теңге болатын қаражаттарынан айырылған.
Тағы оқи отырыңыз: «The Finiko» қаржы пирамидасының басшысы ұсталды: 221 млн теңгелік мүлік тәркіленді
70% табыс деп алдаған: «ХАС» қаржы пирамидасының құрбандары 500-ден асты