Павлодар облысында «ХАС» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы аяқталды. Сот үкімі нәтижесінде 515 азаматтың құқықтарын қорғау қамтамасыз етілді.
Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, қаржы пирамидасы азаматтарды қысқа мерзімде 70 пайыз табыс табуға уәде беру арқылы тартқан.
Қылмыстық топ 2022-2023 жылдары жұмыс істеген. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Астана қаласы мен Павлодар облысының тұрғындары арасынан таныстарын тарта отырып, азаматтардың ақшалай қаражатын жинаған. Қаражат елорда, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа да қалалардың тұрғындарынан тартылған.
Жоғары табыс туралы уәдеге сенген 376 азамат қаржы пирамидасының қатысушыларына 2 млрд теңгеден астам ақша берген.
Іс бойынша топты ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Ал басқа қатысушыларға жазаның әртүрлі түрлері мен мерзімдері тағайындалды, - деп хабарлады облыстық прокуратура.
Сонымен қатар қылмыстық жолмен табылған мүлік тәркіленді. Оның ішінде Астана және Павлодар қалаларындағы жер учаскелері мен пәтерлер, 18 автокөлік, сондай-ақ 300 млн теңгеден астам ақшалай қаражат бар.
Сот үкімі заңды күшіне енген.
Алайда зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау мұнымен тоқтамаған. Кейінгі жұмыс барысында тағы 139 жәбірленуші анықталып, оларға 882 млн 854 мың 500 теңге көлемінде залал келтірілгені белгілі болған.
Жаңадан анықталған мән-жайларға байланысты тергеп-тексеру жүргізіліп, қажетті дәлелдемелер жиналған. Кейін қылмыстық іс сотқа жолданған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сенімді дәлелдемелер ұсынып, қылмыстық схеманың қалай жүзеге асырылғанын және оның жәбірленушілерге қандай салдар әкелгенін дәлелдеді. Сонымен бірге азаматтардың мүліктік мүдделерін қорғауға және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге ерекше назар аударылды. - Павлодар облысы прокуратурасының хабарламасында.
Сот мемлекеттік айыптаушының ұстанымын қолдап, кінәлі тұлғаларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 3 млрд теңге болатын залал келтірілген 515 азаматтың құқықтарын қорғау қамтамасыз етілді. Олардың бір бөлігіне келтірілген залал іс жүзінде өтелген.
Прокуратура азаматтардың ақшалай қаражатын тартудың заңсыз схемаларын анықтау және олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ведомствоның атап өтуінше, мұндағы мақсат тек кінәлілерді жауапкершілікке тарту емес, азаматтардың бұзылған құқықтарын нақты қалпына келтіру.
Прокуратура азаматтарға сақ болуды ескертеді. Қысқа мерзім ішінде кепілдендірілген аса жоғары пайда табуға уәде беру – қаржы пирамидасының негізгі белгілерінің бірі.
Сондықтан ақша қаражатын бермес бұрын ұйым қызметінің заңдылығын және оның тиісті рұқсаттарының бар-жоғын тексеру қажет.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтауда Африкадағы алмазға сенген 1000-нан астам салымшы қаржы пирамидасына алданды. «Sax Invest» қаржы пирамидасын құрған және оған басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шығарылды.
Сондай-ақ, Қызылордада қаржы пирамидасын ұйымдастырған азамат 5 жылға сотталды. Ол салымшыларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс түсетінін уәде еткен.
Тағы оқи отырыңыз: Қаржы пирамидасынан 337 млн теңге тапқан: Астаналықтың шартты жазасы жеткіліксіз деп танылды