КТК терминалының маңында тағы бір мұнай танкеріне шабуыл жасалды

КТК терминалына бағыт алған мұнай танкері Қара теңізде шабуылға ұшырады.

17 Шілде 2026, 20:28
АВТОР
 Depositphotos 17 Шілде 2026, 20:28
17 Шілде 2026, 20:28
193
Фото: Depositphotos

Қара теңізде КТК терминалына бет алған тағы бір мұнай танкері шабуылға ұшырады.

Қара теңіз жағалауындағы Каспий құбыр консорциумының (КТК) терминалында мұнай тиеуі тиіс болған Nordic Zenith мұнай танкері түнгі шабуылдардан кейін зақымдалды. Кеме бортында өрт шығып, оны экипаж мүшелері өз күшімен сөндірді.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, оқиғадан кейін танкердің КТК терминалына тоқтау жоспарынан бас тартылды. Suezmax класындағы кеме бұдан былай мұнай тиеуге кірісе алмайтын болды.

КТК-ның баспасөз қызметі Nordic Zenith танкерінің таңертең тиеу жұмыстарын бастауы тиіс болғанын, бірақ шабуылдан кейін кеме бұл операцияны жүргізуге жарамсыз болып қалғанын растады.

Танкерде өрт шығып, ол экипаж күшімен ауыздықталды, – деп хабарлады компаниядан.

Кеме бортынан SOS белгісі берілгеннен кейін КТК адамдардың бір бөлігін эвакуациялауды ұйымдастырды. Жалпы саны 13 адам қауіпсіз жерге шығарылды, ал экипаждың тағы 9 мүшесі бортта қалуға шешім қабылдады.

Бұл қысқа уақыт ішінде КТК терминалы ауданында болған осындай екінші оқиға. Бұған дейін дәл осы нысанның жанында Suezmax класындағы Yasa Polaris мұнай танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) шабуыл жасағаны хабарланған болатын.

КТК терминалы Қазақстан үшін неліктен маңызды?

Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайды экспорттауда басты рөл атқарады. Бұл жүйе Батыс Қазақстандағы кен орындары мен Каспийдегі ресейлік мұнай нысандарын Новороссийскідегі теңіз терминалымен байланыстырады.

Құбыр жүйесінің ұзындығы шамамен 1,5 мың шақырымды құрайды. Қазақстан құбырлар арқылы экспорттайтын бүкіл мұнайдың 80%-дан астамы КТК арқылы өтеді.

Жүйенің қуаттылығы Қазақстан аумағынан жылына 72,5 млн тоннаға дейін, ал ресейлік учаске арқылы 83 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауға мүмкіндік береді.

КТК-ның қожайындары кім?

КТК акционерлерінің құрамына ресейлік, қазақстандық және халықаралық мұнай-газ компаниялары кіреді.

Ең ірі қатысушылар:

  • Ресей («Транснефть» арқылы);

  • Қазақстан («ҚазМұнайГаз» және Kazakhstan Pipeline Ventures арқылы);

  • Сондай-ақ Chevron, LUKOIL, ExxonMobil, Shell, Eni және басқа да компаниялар.

Қазіргі уақытта Nordic Zenith танкеріне қатысты жағдай мамандардың бақылауында, ал кемеге қатысты бұдан былайғы іс-әрекеттер оның техникалық жай-күйін бағалау қорытындысына байланысты болады.

Бұған дейін Қазақстанның мұнайын тасымалдайтын Chevron танкеріне шабуыл жасалғаны хабарланды

Наверх