Қазақстан мұнайын Каспий құбыр консорциумы терминалынан (КТК) тасымалдауға пайдаланылатын америкалық «Chevron» компаниясы жалдаған мұнай танкері Қара теңізде дрондардың шабуылына ұшырады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Yasa Polaris мұнай танкері 2022 жылы салынған, 160 мың тонна мұнай тасымалдауға қауқарлы. Кемені Түркияда тіркелген Yasa Holding компаниясы басқарады.
Болған жайтқа қатысты Chevron жауап берді. Компания Ресейдің Новороссийск порты маңындағы КТК (Каспий құбыр консорциумы) тиеу терминалдарына бара жатқан кемеге қатысты оқиғадан хабардар екенін және қазақстандық мұнайды жөнелту жұмыстарының қалыпты режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Экипаж мүшелері қауіпсіз жерде, кеменің жүзу тұрақтылығы сақталған. Танкер қауіпсіз портқа бет алды. Біз кеме операторы және құзырлы органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз, – делінген хабарламада.
Chevron басқаратын "Теңізшевройл" компаниясы CPC Blend маркалы мұнайын жеткізуші ең ірі компаниялардың бірі. Жеткізілетін мұнайдың негізгі бөлігі Қазақстандағы Теңіз кен орнынан алынады.
Айта кетейік, еліміздегі мұнайдың 80%-дан астамы КҚК арқылы тасымалданады.