Коронавирус: тағы бір круиз лайнері карантинге жабылды

5 Наурыз 2020, 18:52
1443
Бөлісу:
Коронавирус: тағы бір круиз лайнері карантинге жабылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ-тың Калифорния штатының жағалауында 3 мың жолаушысы бар Grand Princess круиз лайнері карантинге жабылды. Бұл туралы San Francisco Chronicle хабарлады.

Лайнер Сан-Францискодан Гавайи аралдарына жолға шыққан және сенбі күні рейсті аяқтау керек болған. 

Бірақ лайнерге шыққан портқа қайтып келу туралы бұйрық түскен. Себебі, 11-21 ақпан аралығында Мексикаға круиз кезінде кемеде болған екі жолаушыдан коронавирус анықталған. Олардың біреуі – Сакраменто қала маңы ауданының 71 жастағы тұрғыны қайтыс болды.

Қазір бортта Мексикаға круиз сапарында болған 62 жолаушы бар. Билік өкілдерінің ойынша, олар вирусты басқа жолаушыларға жұқтыруы мүмкін. Себебі қазір борттағы 20 адамда тұмаудың белгілері бар. 

Кемеге коронавирусты анықтайтын 200-ге тарта тест апару жоспарланып отыр.

Бұған дейін Diamond Princess кемесіндегі екі апталық карантин аяқталғанын жаздық. 19 ақпанда алғашқы топ, шамамен, 500 адам кемеден шығарылды.

Лайнерде әлемнің 50 елінен 3,6 мыңға жуық адам болды. Олардың ішінде 4 адам – Қазақстан азаматтары. Кемеде қазақстандық екі әйел мен екі баланың бар екенін ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

24 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласына Токио қаласынан 20 қазақстандық азамат келді (оның ішінде 4 адам – "Diamond Princess" жапон лайнерінің жолаушылары). Барлығы медициналық және зертханалық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді. 

Өзгелердің жаңалығы