Қостанай облысының ауылында 350 адамдық спорт кешені салынуда

30 Мамыр 2021, 12:08
5514
Бөлісу:
Қостанай облысының ауылында 350 адамдық спорт кешені салынуда
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Ұзынкөл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Аталған нысанда бір күнде 350 адам спортпен шұғылдана алады.

Спорт нысанының құрылысы 2020 жылы басталды. Кешенді пайдалануға беру мерзімі тамыз айына белгіленіп отыр.

Бұл кешенде ел көлеміндегі ірі жарыстарды да өткізуге болады. Ғимарат толық іске қосылғанда аудан орталығындағы спорт орындарымен қамту көрсеткіші 73%-тен 98%-ке жетеді, - деп атап өтті Ұзынкөл ауданының әкімі Мұрат Сандыбаев.

Қостанай облысының ауылында 350 адамдық спорт кешені салынуда

Бұл орайда спорт кешені бой көтеріп жатқан аудан орталығында 4 мыңнан астам адам тұратынын атап өткен жөн.

Нысанда футзал, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ үйірмелері ашылады деп жоспарланған. Сонымен бірге, екінші қабатында тренажер залы жұмыс істемек.

Қазір құрылыс орнында жұмыс қызу. Мердігер серіктестік өкілі құрылысқа 100% қазақстандық материалдар қолданылып жатқанын айтады.

Материалдарды Қостанай қаласынан тасимыз. Нысанды уақытында тапсырамыз деген сенімдеміз. Бірінші қабаттың аумағы мың шаршы метр болады. Жерін тегістеп, футзал алаңы қыламыз, - деп бізге серіктестік өкілі Ғабдысамат Оразов жұмыстың жай-жапсарын түсіндірді.

Қостанай облысының ауылында 350 адамдық спорт кешені салынуда

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр Ұзынкөл ауданында бірқатар көшелердің жолдары жөнделген болатын. Бұған республика бюджетінен 151 млн 289 мың теңге, облыс қазынасынан 16 млн 708 мың теңге қаржы жұмсалды. Аталған қаржыға аудан орталығының Тоқбаев, Уәлиханов, Ворошилов, Целинный көшелеріне орташа жөндеу жүргізілді.



Өзгелердің жаңалығы