Қостанай облысында екі мыңнан астам отбасы тұрғын үй көмегін алды

14 Шілде 2021, 20:35
1605
Бөлісу:
Қостанай облысында екі мыңнан астам отбасы тұрғын үй көмегін алды

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жарты жылда Тобыл-Торғай өңірінде 16 мың адам жұмыспен қамтылды. Биыл барлығы 27 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.

Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен биыл 17,3 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінгі таңда Қостанай облысында олардың 13 мыңнан астамы ашылды. Айта кету керек, 8,5 мың жұмыс орны немесе 66% – тұрақты. Осылайша 2021 жылы өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9%, ал жастар жұмыссыздығы деңгейін 3,2% деңгейде тұрақталады.

Мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау мәселесі де өзекті болып қала бермек. Қазір Тобыл-Торғай аймағында 28 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан есепте тұр, оның ішінде үш мыңнан астамы – балалар. Биыл оларды әлеуметтік қолдауға 5,3 млрд теңге бөлу көзделген. Соның 1,5 млрд теңгесі техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге бөлінсе, 3,8 млрд теңге мүгедектер мен қарттарды медициналық-әлеуметтік мекемелерде, оңалту орталықтарында емдеуге жұмсалады.

Қазір әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен оңалту қызметтерінің елуден астам түріне қол жеткізуге болады. Бүгінге дейін Қостанайдан 8 мыңнан астам адам осындай қызмет түрлерін пайдаланған. Арнайы әлеуметтік қызметтерге келетін болсақ, оларды 11 медициналық-әлеуметтік мекемеде, екі оңалту орталығында, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 16 үкіметтік емес ұйым ұсынып отыр,- дейді Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гаухар Тілеубаева.

Мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жұмысы да жалғасып жатыр. Қостанай облысында аз қамтылған санатына жататын 4 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушы жанұялардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4 мың балаға азық-түлік және гигиеналық жинақ түріндегі кепілдендірілген пакеттер берілді. Жарты жыл ішінде осындай 13 мың әлеуметтік пакет таратылды. Бұл істе жергілікті өкілді органдардың да рөл атқарған жұмысы орасан. Екі мыңнан астам отбасы тұрғын үй көмегін алды, - деп атап өтті аталған басқарманың бөлім басшысы Артур Досжанов.

Өзгелердің жаңалығы