Бір жыл ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық сапарлары айрықша қарқынмен өтті. Осы кезеңде Мемлекет басшысы 23 мәрте шет мемлекеттерге сапар жасап, Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенді ұстанымын нақты іс жүзінде көрсетті.
BAQ.KZ Мемлекет басшысының сапарларына шолу жасады.
Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдегендей, Президент Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасы, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапонияға ресми сапарлар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Ресейге, АҚШ-қа және Түрікменстанға екі реттен, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріне, Өзбекстанға, Әзербайжанға, Тәжікстан мен Қырғызстанға жұмыс сапарларын жүзеге асырып, барлығы 16 жұмыс сапарын өткізді.
Сапарлардың ауқымы да айтарлықтай болды: бір жыл ішінде Президент өңірлерге және шет мемлекеттерге жасаған іссапарлары барысында 168 960 шақырым жол жүріп, 252 сағат уақытын әуеде өткізді.
БАӘ, Абу-Даби
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 қаңтарда 2025 жылғы алғашқы жұмыс сапарын Біріккен Араб Әмірліктеріне жасап, Абу-Даби қаласына барды.

Сапар барысында Мемлекет басшысы БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз өткізді. Кездесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Әмірліктерді Қазақстанның араб әлеміндегі негізгі серіктестерінің бірі деп атап, екіжақты әрі көпжақты ынтымақтастықты барлық бағыт бойынша одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

Тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейтуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар Президент “Абу-Даби тұрақты даму апталығы” аясында өткен саммитке қатысып, халықаралық және жергілікті іскер топ өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Иордания, Амман
18 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Әлия патшайым атындағы халықаралық әуежайда ханзада Әли бен әл-Хусейн мен Иорданияның Премьер-министрі Жафар Хасан қарсы алды.

Президент сапардың негізгі мақсаты Қазақстан мен Иордания арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарға жаңа серпін беру екенін атап өтті. Оның айтуынша, тараптардың жаһандық үдерістерге қатысты ұстанымы мен бағасы ұқсас, бұл екі ел арасындағы өзара түсіністікті одан әрі тереңдетуге негіз болады.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Король II Абдалламен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Кездесулер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылып, өзара ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Өзбекстан, Самарқанд
3 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Орталық Азия – Еуропа Одағы” саммиті мен “Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия" атты халықаралық конференцияға қатысу үшін Самарқанд қаласына барды.

Мемлекет басшысын Самарқанд әуежайында Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алды. Сапар аясында Президент Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев “Орталық Азия – Еуропа Одағы” саммитінің маңыздылығына ерекше тоқталып, бұл алаң аймақ мемлекеттері мен Еуропа Одағы арасындағы саяси және экономикалық диалогты дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.
Ресей Федерациясы, Мәскеу
8 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысу үшін Мәскеу қаласына барды.


Сапар барысында Мемлекет басшысы Ресей астанасында бірқатар шет мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесулер өткізіп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Бұл кездесулер Қазақстанның халықаралық диалогқа ашық әрі жауапты ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік концертке қатысып, әлемнің әр түкпірінен келген мемлекет басшыларымен бірге Үлкен Кремль сарайында өткен салтанатты мәдени бағдарламаны тамашалады. Бұл іс-шара тарихи жадыны құрметтеудің, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің маңызын айшықтай түсті.
Мажарстан, Будапешт
20 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу мақсатында Будапешт қаласына барды.

Сапар аясында Мемлекет басшысы Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанмен келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын талқылады.

Президент саммиттің Еуропа төріндегі көне Будапешт шаһарында жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қабылдаушы тарапқа ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиынның тарихи әрі символдық маңызы зор екенін, түркі халықтарының бірлігі мен өзара түсіністігін айқындайтынын айтты.
Алқалы жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәні бар. Біз мажар халқының қарт құрлықта беделді мемлекет ретінде орныққанына дән ризамыз. Бүгін баршамызды түбі бір түркі бауырлар деп құшақ жая қарсы алып отырсыздар. Мұны мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп санаймын, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы түркі елдері арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайту, ортақ тарихи тамыр мен мәдени мұраны ұлықтау жолындағы бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.
Түркия, Анкара
28 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына ресми сапармен барды.

Мемлекет басшысын Анкара қаласындағы "Есенбоға" халықаралық әуежайында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өзі қарсы алды. Қонақты қарсы алу рәсімі құрмет қарауылының сап түзеп тұруымен өтті.

Ресми сапар Мемлекет басшысының Түркия Республикасының негізін қалаушы, тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесі – Анытқабірге зиярат етуден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы қайраткердің рухына тағзым етіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Осы рәсім барысында Президент Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен бауырластық байланыстардың одан әрі нығаятынына сенім білдіріп, бауырлас түрік халқының өркендеуіне ізгі тілегін жеткізді. Гүл шоғын қою рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясы да қатысты.
Түрікменстан, Аваза
4 тамыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теңізге тікелей шығатын жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысу мақсатында Түрікменстанға барды.

Мемлекет басшысын Түрікменбашы халықаралық әуежайында Түрікменстанның Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Бұл басқосу БҰҰ конференциясының ашылу салтанатына дейін өтіп, аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылауға арналды.

Кездесу барысында тараптар өңірлік өзара іс-қимылды нығайту, ортақ сын-қатерлерге бірлесіп жауап беру және тұрақты даму мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қырғызстан, Бішкек
21 тамыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапармен барды.

Мемлекет басшысын Бішкектегі "Манас" халықаралық әуежайында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қарсы алды. Әуежайда екі елдің мемлекеттік тулары ілініп, құрмет қарауылы сап түзеді, сондай-ақ ұлттық дәстүрге сай салтанатты қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды.

Бұл шара Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік қатынастардың жоғары деңгейін айқын көрсетті.

Сапардың алғашқы нүктесі ретінде Мемлекет басшысы "Ата бейіт" ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысына қатысты, онда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар 27 қарашада Президент Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысып, ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және биылғы жылға арналған басты бағыттарды қорытындылады.

Саммитке Қырғызстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан Президенттері қатысты. Кездесу барысында алдағы кезеңге арналған басымдықтар мен өңірлік ынтымақтастықты күшейту жолдары қарастырылды.
Қытай Халық Республикасы, Тяньцзинь
30 тамыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысу үшін Тяньцзинь қаласына барды.

Сапар аясында Мемлекет басшысы "Инбингуань" мемлекеттік резиденциясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізіп, қазақ-қытай жан-жақты әрі мәңгі стратегиялық серіктестікті нығайту перспективаларын талқылады.

ШЫҰ саммиті Тяньцзинь қаласында сәтті аяқталып, Президенттің сапары Бейжіңде жалғасын тапты.

Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-қытай іскерлік кеңесіне қатысып, көрші елдің ірі компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді. Сонымен қатар Қазақстанның Мәдениет орталығының ашылу рәсіміне барып, қазақ тілін үйреніп жүрген балалармен жүздесті.

3 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадты тамашалады. Сонымен қатар салтанатты іс-шаралар аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің атынан мәртебелі қонақтарға арналған ресми қабылдауға қатысты.

Бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің тереңдігін көрсетіп, екіжақты ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталды.
АҚШ
2025 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа екі мәрте сапармен барды.

Бірінші сапар 21-23 қыркүйек күндері Нью-Йорк қаласында өтті. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясына қатысып, бірқатар мемлекет пен халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөздер жүргізді. Сапар барысында АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен дөңгелек үстел, сондай-ақ әлемдік жетекші компаниялардың басшыларымен кездесулер ұйымдастырылды.

Екінші сапар 6 қарашада Вашингтонға бағытталды. Мемлекет басшысын АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау қарсы алды.

Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізіп, "Орталық Азия – АҚШ" саммитіне қатысты. Сонымен қатар Президент АҚШ-та оқитын қазақ студенттерімен кездесті, оларға табыс тіледі және аз-кем әңгімелесті.

Бұл сапарлар Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды шаралар болды.
Әзербайжан, Габала
6 қазан күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Габала қаласына барды.


Сапар аясында Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің ХІІ саммитіне қатысады, онда ұйымға мүше елдер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланатын болады.
Тәжікстан, Душанбе
9 қазан күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Душанбе қаласына сапармен барды.

Мемлекет басшысын халықаралық әуежайда Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода қарсы алды.

Сапар барысында Президент Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Ресей" саммитіне және ТМД мемлекеттер басшыларының кеңесі отырысына қатысты.

Бұл сапар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Ресей Федерациясы, Мәскеу
11-12 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барды.

Сапарға Мәскеудің ерекше дайындалғаны байқалды: Қазақстанның көк туы қаланың көшелерінде желбіреп, Останкино телемұнарасы ұлттық байрақпен безендірілді.

Мемлекеттік шекарадан Мәскеуге дейінгі жолда Қазақстан Президентінің ұшағын РФ Қорғаныс министрлігінің Су-35 ұшақтары қапталдасып escort жасады.

Внуково-2 әуежайында мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі өтті: Мәскеу гарнизонының құрмет қарауылы сап түзеп, әскери үрмелі оркестр мемлекеттік әнұрандарды шырқап тұрды. Мемлекет басшысын Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды.

Сапар барысында Президент Владимир Путинмен келіссөздер жүргізіп, Орал қаласында өтетін ХХІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты.

Сонымен қатар сапар барысында бірқатар екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен өзара іс-қимылдың жаңа кезеңі белгіленді.
Өзбекстан, Ташкент
14-15 қараша күндері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. Мемлекет басшысын Ташкентте ресми қарсы алу рәсімі өтті: Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, құрмет қарауылының бастығы рапорт берді.

Салтанатты рәсімнен кейін екі елдің ресми делегация мүшелері таныстырылып, достық әрі әріптестік байланыстардың символдық мәні көрсетілді.

Сапар бағдарламасына сәйкес Президенттер келіссөздер жүргізіп, Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысына бірлесіп төрағалық етті. Отырыста екіжақты ынтымақтастықты нығайту және стратегиялық серіктестіктің жаңа бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар 16 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентте өтетін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты. Бұл шара өңірлік ынтымақтастық пен көпжақты диалогты дамытуға маңызды мүмкіндік болды.
Жапония, Токио
19 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Акасака мемлекеттік сарайына барып, Жапония Премьер-министрінің атынан Орталық Азия елдері басшыларының құрметіне арналған ресми қабылдауға қатысты. Мемлекет басшысын Санаэ Такаичи қарсы алды.

Ресми қарсы алу рәсімінде құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Санаэ Такаичи бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Сапардың басты іс-шарасы ретінде Мемлекет басшысы “Орталық Азия – Жапония” диалогының бірінші саммитіне қатысты. Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтты.

Қазақ жұрты жапон халқының тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне әрдайым құрметпен қарайды. Күншығыс елінің келісім, ұстамдылық, даналық секілді құндылықтарға құрылған философиясы қазақ халқының дүниетанымына сай келеді, – деді Президент өзінің сөзінде.
Бұл сапар Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше мән берді.
2025 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 рет шетелге сапармен барып, елдің халықаралық беделін арттырып, стратегиялық әріптестік пен өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлді.
- Ресей, АҚШ, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Жапония, БАӘ, Иордания, Мажарстан, Әзербайжан, Түрікменстан сынды елдерге сапарлары барысында Мемлекет басшысы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды дамытты.
- Халықаралық саммиттер мен конференциялар: Шанхай ынтымақтастық ұйымы, БҰҰ Бас Ассамблеясы, Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті, Орталық Азия – АҚШ, Орталық Азия – Жапония, Орталық Азия және Әзербайжан басшыларының кездесулері, ҰҚШҰ отырыстары.
- Әр сапарда ресми келіссөздер, екіжақты құжаттарға қол қоюлар, іскерлік және мәдени кездесулер өтті.
- Президент 2025 жылы 252 сағат ұшақта уақыт өткізіп, 168 960 шақырым жол жүрді, бұл елдің дипломатиялық белсенділігінің, халықаралық қатынастардағы белсенді рөлінің айқын көрсеткіші.
Қорытындылай келе, 2025 жылғы сапарлар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтып, стратегиялық серіктестермен байланыстарды кеңейтті, өңірлік ынтымақтастық пен көпжақты диалогты жаңа деңгейге көтерді.