Көшедегі қате-қате жазылатын баннерлерге қатысты заң жобасы қабылданды

24 Ақпан 2021, 11:14
5415
Бөлісу:
Көшедегі қате-қате жазылатын баннерлерге қатысты заң жобасы қабылданды

Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парамент Мәжілісінің жалпы отырысында көшедегі баннерлерді қатесіз жазуға қатысты заң жобасы қабылданды.

Заң «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.

Заң жобасының негізгі бағыттары: 

1. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу; 
2. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің теңтүпнұсқалы аудармасын (аутентичность) сақтап отырып жазу; 
3. «Мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы» деген ұғым енгізу.

Көрнекі ақпарат құралдары (баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштері және т.б.) елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар болып саналады. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасыз жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтап отырып жазу талабы қоғамда екі тілде (қазақ және орыс тілдеріндегі) берілген мәтіндердің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеуі фактілерін жоюға бағытталып отыр, - деді Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Министрдің айтуынша, көрнекі ақпаратты ашық кеңістікте және ғимараттар ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен қатар кез келген кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асыра алады. Кәсіпкерлік субъектілері көрнекі ақпаратты өз өнімі мен  қызметін ілгерілету құралы ретінде пайдаланады.

Мемлекеттік органдарға азаматтардан көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде тіл туралы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты шағымдар көптеп түсіп жатыр. Осы орайда мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттың болмауын азаматтар ҚР конституциясының 14-бабында бекітілген өз құқықтарына қысым жасау деп санайды, - дейді ол.

Көрнекі ақпаратқа қатысты заң бұзушылықтар бойынша  мемлекеттік органдарға 2018 жылы – 12 886 өтініш, 2019 жылы 12 900 өтініш келіп түскен. 2020 жылы көрнекі ақпараттар бойынша жедел желіге (call center) келіп түскен шағымдар саны  – 3442-ні құраған.

Аталған проблемаларды шешу мақсатында заң жобасы аясында Қазақстан Республикасының 13 заңнамалық актісіне түзетулер енгізу көзделіп отыр.

Күтілетін нәтиже:

- мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолданылуын қамтамасыз ету;
- деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазуды қамтамасыз ету;
- мәтіндердің екі тілде теңтүпнұсқалылығын сақтап жазуды қамтамасыз ету.

Өзгелердің жаңалығы