Коронавирустың өршуінен ана өлімі күрт өсті – Ғиният

29 Қаңтар 2021, 09:25
1399
Бөлісу:
Коронавирустың өршуінен ана өлімі күрт өсті – Ғиният

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысына іссапар аясында Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ана өлімін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың көшпелі отырысын өткізді.

Кеңеске 17 өңір әкімінің орынбасары, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары және олардың босандыру ісі бойынша орынбасарлары, АГПҒО және АБҰО, медициналық ЖОО кафедрасының меңгерушілері, медициналық ұйымдардың басшылары қатысты. 

Ажар Ғиният атап өткендей, Мемлекет басшысы ел алдына аналарға сапалы медициналық көмек көрсету бойынша жаңа міндеттер қойды. Президент перзентханаларда жағдайы ауыр науқастарды емдеуге арналған жабдықтар мен шығын материалдары жеткіліксіз болғандықтан, ана өлімінің деңгейі жоғары екенін айтқан еді. 

Мемлекет басшысы Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, барлық денсаулық сақтау ұйымдарын қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар босандыру және реанимация қызметтеріне назар аудару, оларды медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен және бұйымдармен жабдықтау бойынша шаралар қабылдауды бұйырды, - деді вице-министр. 

Қазақстан Республикасының алдында қызмет көрсету сапасын жақсарту және ана денсаулығын қорғау саласында үлкен және күрделі міндеттер тұр. Әлемнің барлық елінде, соның ішінде Қазақстанда, COVID-19 пандемиясы салдарынан денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы ауырлады, бірінші кезекте әйелдерге көрсетілетін медициналық көмек зардап шекті, салдарынан елімізде аналар арасындағы ауру мен өлім-жітім өсті. 

Былтыр жазда ана өлімі күрт өсті, бұл COVID-19 коронавирус инфекциясы ауруының асқынуымен байланысты, осы кезеңде ана өлімі жалпы қайғылы жағдайдың 66% құрады, - деді Ажар Ғиният. 

2020 жылы босанғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 298-ге артып, 24 739 бала туды, жүкті әйелдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 147-ге көп. 

Республикалық штаб отырысы барысында ҚР ДСМ АБДҚД аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Шәхизат Халықова, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Әйелдер денсаулығы» департаментінің директоры Гаури Бапаева және «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Динара Мырзахметова баяндама жасады. 

Кеңесте жағдайы ауыр жүкті әйелдердің проблемасы және өлім-жітім, шешу жолдары қаралды. Өңірлерге жүкті, босанатын және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды. 

Ажар Ғиният әкімдердің орынбасарларына медициналық ұйымдардағы материалдық-техниканы жақсарту, оларды заманауи медициналық жабдықтармен, кадрмен қамтамасы ету, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру деңгейін арттыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы