Коронавирустан қалай қорғануға болады – маман кеңесі

31 Қаңтар 2020, 17:16
3065
Бөлісу:
Коронавирустан қалай қорғануға болады – маман кеңесі
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның бас инфекционист-дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева аурудан қалай сақ болу керек екенін және халықтың аса қауіпті коронавирустан қалай қорғана алатынын айтып берді. 

Сондай-ақ, оның айтуынша, кеше ғана Қытайдың Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық инфекция бойынша ұсыныстарын Қазақстанға жолдаған. Бұл туралы ол бүгінгі баспасөз брифингінде мәлім етті.

Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2015 жылдан бастап белгілі болған коронавирустық инфекцияларға қатысты ұсыныстарын жақсы білеміз. ДДСҰ ұсынған барлық дәрі-дәрмек Қазақстанда бар. Сол ұсынымдарды ескере отырып, жаңа коронавирустық инфекцияның алдын-алу диагностикасы және емдеу бойынша ұсыныстарды дайындадық. Кеше біз Қытай Халық Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінен коронавирустық инфекция бойынша ұсыныстарды алдық. Ересектер мен балаларды емдеу мен зерттеу жөніндегі барлық ұсыныстарды қолдана отырып, емдік хаттамаларды әзірледік, - деді еліміздің бас инфекционист маманы. 

Оның айтуынша, Қытайдан келгендерге мониторинг жүргізу жалғасуда. Бүгінде олардың 81% бақыланды және Денсаулық сақтау министрлігі халыққа дер кезінде барлық жағдайды хабарлап отыр.

Осы орайда, Динагүл Баешева жетекші инфекционист-дәрігер ретінде халыққа инфекцияны қалай жұқтырмау керек екенін айтып, кеңес берді. 

Біріншіден, адамдар көп жиналған жерге аса қажет болмаса, барып керек емес. Егер ондай жерге бара қалатындай болсаңыздар, ауыздарыңызда бетперде болуы керек. Әсіресе, түшкіріп, жөтеліп жүрген адамдардан сақ болыңыз. Әлбетте, қолдарыңызды жақсылап, сабынмен жуу қажет. Жеген тағамдарыңыз еттен жасалған ас болса, оны қайнатып, пісіріп жеу керек. Ал, жеміс-жидектерді қайнаған ыстық сумен жуыңыз. Базарға бара қалсаңыз, "мынаның дәмі қандай екен" деп жуылмаған тағамды ауызға алмаңыздар. Міне, осы шарттарды қолдансаңыздар, аурудан сақ боласыздар, - деп хабарлады бас инфекционист "ҚазМедиа" орталығында өткен брифингте. 
Спикердің сөзіне сүйенсек, Ұлттық сараптама орталығы вирусты, соның ішінде коронавирусты тасымалдаушы деп күдіктенген адамдарға зертханалық зерттеулер жүргізеді. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың барлық вирусологиялық зертханалары зерттеу жүргізуді бастап кеткен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың таралуына байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаған болатын.


Өзгелердің жаңалығы