Коронавирусқа қарсы вакцина қаншалықты тиімді? – Есмағамбетова жауап берді

13 Желтоқсан 2021, 20:44
1334
Бөлісу:
Коронавирусқа қарсы вакцина қаншалықты тиімді? – Есмағамбетова жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова «20:21» жобасына берген сұхбаты барысында хабарлады. 

Оның айтуынша, вакцина - індетпен күрестегі тиімді әдістердің бірі.

Біз қолданып жүрген әлеуметтік арақашықтықты сақтау, маска кию, көпшілік жиналған орындарға бармау, антисептик қолдану секілді алдын алу шараларының бәрі – бейспецификалық шара. Инфекциялық аурулардың алдын алудың спецификалық шарасы – вакцинация. Коронавирус пандемиясына қатысты айтсақ, бұл індетке қарсы екпе аз уақыттың ішінде ойлап табылды. Ақпан айынан бастап елде коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр. Вакцина әзірленгенде, оның тиімділігі де зерттеледі. Өкінішке қарай, вирус мутацияға ұшырағанда, «вакцина тиімді ме, жоқ па?» деген сұрақтың туындауы заңдылық, - деп атап өтті Айжан Есмағамбетова.

Сонымен қатар ол ел аумағында таралған штамдарға қатысты мысал келтірді.

Республикамызда  «дельта» штамы анықталғанда, вакцина қарсы тұра ала ма деген күдік басым болды. Бүгінде вакцинаның «дельта» штамына да, «альфа» штамына да қауқарлы екені дәлелденді. Бәлкім, екпенің  «дельта» штамға қарсы әсері сәл төмендеу болуы ықтимал. «Омикронға» қатысты да зерттеулер жүргізіліп жатыр. Вакцинаның өндіруші ұсынған, сонымен қатар уақытпен дәлелденген тиімділігіне көз жеткізетін боламыз, - деді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде коронавирустың штамдары қалай анықталатыны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы