Коронавирус. Қазақстанда маска режимі қайта енгізіледі

9 Ақпан 2024, 11:06
4454
Бөлісу:
Коронавирус. Қазақстанда маска режимі қайта енгізіледі
Фото: BAQ.KZ - архив

Қазақстанның Денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова тиісті қаулы қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Араға екі жыл салып маска режимі қайта енгізілді

Еліміздің Бас санитариялық дәрігерінің қаулысымен Қазақстанда тағы да маска режимі енгізілді. Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері - Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова "Ауа-тамшы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы" қаулыға қол қойды. 

Құжатқа сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында 8 ақпаннан бастап маска режимі енгізіледі. Қазақстан облыстарының, Астана, Алматы және Шымкенттің денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшыларына медициналық ұйымдардың персоналы мен келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын қамтамасыз ету тапсырылды.

Өз кезегінде, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктеріне, орталық мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға меншік нысанына қарамастан, халық көп жиналатын жерлерде медициналық немесе мата маскаларын пайдалану ұсынылады. 

Сонымен қатар құжатқа сәйкес адам көп жиналатын жерлерде, атап айтқанда әуежайда, теміржол вокзалдарында, сапаржайларда, базарларда, сауда-ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, театрларда, кинотеатрларда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, банктерде маска тағу ұсынылады.

Бұдан бөлек қоғамдық көліктерде, ұшақтарда, пойыздарда да маска режимі енгізіледі.

Осы қаулының іске асырылуын өзім қадағалаймын. Ол қабылданғаннан күннен бастап әрекет етеді, - делінген бас санитардың қаулысында.

COVID-19 елімізде қалай таралды? Жұқпалы дерт қанша адамның өмірін жалмады. Әлемде 2019 жылы, елімізде 2020 жылы басталған пандемия  тарихына көз жүгіртіп өтейік.

Коронавирус қайдан пайда болды? 

2019 жылдың желтоқсанында Қытайда белгісіз ауру тарала бастады. Бұл елмен көрші отырсақ та, елімізде коронавирус 2020 жылдың 13 наурызында ресми тіркелді. Қазақстанның сол кездегі бас санитарлық дәрігері брифинг өткізіп, "Наконец-то коронавирус тіркелді деп" суық хабарды жеткізген болатын.

Біздің болжамымыз бойынша елімізде 11-16 наурызда коронавирус тіркелуі мүмкін. Бірақ бұл – болжам. Плюс-минус бір апта. Коронавирус анықталса, бірден арнайы шараларды қабылдаймыз. Бірақ ешкім сабақты дистанциялық оқуға жібермеуге тыйым сала алмайды, - деді еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин.

Сөйтіп 13 наурызда Германиядан Алматыға ұшып келген екі адамнан жұқпалы дерт анықталды. Экс-министр Елжан Біртанов "уайымдауға негіз жоқ" деп халыққа басу айтты. Дегенмен Қазақстанның өзге өңірлерінен коронавирус жұқтырған науқастар тіркеле бастады. Атап айтқанда 13 наурызда елордада, 20 наурызда Қарағандыда, 21 наурызда Алматы облысында, 22 наурызда Ақтөбе облысында 24 наурызда Шымкентте, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында, 27 наурызда Ақмола, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарында, 28 наурызда Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында, 29 наурызда Батыс Қазақстан облысында, 31 наурызда Түркістанда анықталды. 3 сәуірде індет Қостанай облысында да тіркеліп, бүкіл елдің үрейін ұшырды.

CОVID-19-ға байланысты төтенше жағдай енгізілді

Қазақстанда жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай режимі енгізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті қаулы қабылдады. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін, - делінген Президенттің жарлығында.

Төтенше жағдай кезеңінде мынадай шаралар және уақытша шектеулер енгізілді:

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілді;

2) ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылды;

3) сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтатылды;

4) карантин енгізілді;

5) ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынды;

6) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер қойылды.

Бұл сол кездегі шектеулердің қысқа бөлігі ғана десек болады. Себебі вирус өршіп кеткен кезде әр облыс, қала, тіпті аудан, ауылдың кіреберісіне блок-бекеттер қойылып, халықтың жүріп-тұруы түбегейлі шектелген болатын. 2020 жылдың наурыз айының соңына қарай Алматы және Астана қалаларының тұрғындарына үйден шығуға тыйым салынып, тек азық-түлік және дәріханаға баруға рұқсат берілген күндер де болды. 

Коронавирустан қорғану үшін қандай шаралар қолға алынды?

Сол кездегі министр Елжан Біртанов "вирус жұқтырғандар саны әрі кетсе, 3,5 мыңнан аспайды" деген болжам жасаған еді. Бірақ сәуір айының өзінде коронавирус жұқтырғандар саны үш мыңның үстіне бір-ақ шықты. Адамдардан бөлек дәрігерлердің өзі вирусқа шалдықты. Осыған қатысты сол кездегі премьер-министр медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Соның арқасында медицина қызметкерлері коронавируспен ауырған жағдайда, МӘСҚ 2 млн теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік төлем енгізілді. Ал көз жұмған жағдайда бұл сома 10 млн теңгені құрады. 

Бұл кезеңде маска табу қиынға соқты. Алып-сатарлар көбейді. Коронавирусты анықтау мақсатында 2020 жылдың сәуір айында тест-жүйе әзірленді. Артынша, биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесіп, коронавирусқа қарсы вакцина әзірледі.

Жұқпалы індеттен қанша қазақстандық бақилық болды?

Ұлттық экономика бюросының деректері бойынша коронавирус пандемиясынан 2020 жылы – 4 729 адам, 2021 жылы – 14 807 адам, 2022 жылы – 1 022 адам, 2023 жылдың 6 айында – 24 адам қайтыс болды. Қаза болғандар арасында медицина қызметкерлері де бар. ДСМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың саны 250 адамды құрайды.

Коронавирус пандемиясы 2023 жылы аяқталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы осылай деп мәлімдеді. Тедрос Адханом Гебрейсустың айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ковидке қатысты төтенше жағдай күшін жойды. 

Айта кетейік, елімізде қызылшаның таралуына байланысты эпиджағдай нашарлаған болатын. Енді соңғы уақытта коронавирусқа шалдыққандар көбейіп келеді. Кеше Мәжілісте маска режимі енгізілгені белгілі болды. Қазір Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен қатар, бірқатар шенеунік коронавируспен ауырып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы