Коронавирус. Қазақстанда 1000-ға жуық адам карантинде жатыр

5 Наурыз 2020, 16:48
3489
Бөлісу:
Коронавирус. Қазақстанда 1000-ға жуық адам карантинде жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирусқа байланысты елімізде жұқпалы стационарларда оқшауланған және үй карантинінде шамамен 992 адам барын айтты. 

Соңғы күндері жиі ақпарат беріп жатырмыз. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігі және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті әлеуметтік желіде ақпарат таратып жатыр. Өкінішке қарай, соған қарамастан күнделікті жалған ақпараттар тоқтар емес. Мысалы, бүгін Whatsapp арқылы "Нұр-Сұлтан қаласында екі қытайлық қайтыс болыпты" деген ақпарат шарлап кеткен. Негізгі міндетіміз – еліміздің азаматтарын түрлі-түрлі инфекциялардан қорғау. Сондай-ақ, ашық ақпарат беру. Дүниежүзіндегі жағдайы белгілі. Қытайда осы коронавируспен ауырған 80 мыңнан астам адам тіркелді. Соңғы күнде бұл көрсеткіш 0,18 пайызға өсті. Ал ауруханадан шығарылған азаматтардың саны 52 мыңнан асты. Яғни, науқастың 65 пайызы емделіп шықты Әлем бойынша 79 мемлекетте 14 мыңнан астам науқас тіркелді, - дейді министр. 

Оның айтуынша, 1014 адамнан сынақ алынған. Бірақ ешқайсысынан инфекциялар табылмапты. 

Қазақстанда бұл инфекция тіркелген жоқ. Мұндай диагноз ешкімге қойылмады. Өздеріңізге мәлім, 20 ақпаннан бастап, қауіпті мемлекеттер үш категорияға бөлінді. Осы категориялар бойынша бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда 60 адам ауруханаға түсті, оның 18-і кеше босатылды, 42 адам ауруханаларда жатыр. "Ұлттық сараптама орталығы" лаборатория негізінде қажетті тест алып жүр. Осы уақытқа дейін 1014 адамнан тест алынды. Ешқандай инфекция белгісі табылмады. Қазіргі кезде бізде оқшауланған және үй карантинінде шамамен 992 адам бар. Екінші және үшінші категориялы елдерден келген 7515 адам тұрғылықты жері бойынша бақылауда болады. Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында сегіз мыңға жуық адам бар. Бұлардың арасында Қазақстанның да, шетелдің де азаматтары бар. Егер аурудың белгілері анықталса, олар ауруханаға жеткізіледі, - деді Елжан Біртанов.

Өзгелердің жаңалығы