Коронавирус: Ақтөбе облысында карантин күшейтіледі

29 Шілде 2021, 13:10
2335
Бөлісу:
Коронавирус: Ақтөбе облысында карантин күшейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақтөбе облысының тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі шектеу карантиндік шараларды күшейту туралы» Ақтөбе облысының Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 30 маусымдағы №ПГСВ-24 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

- Енді облыс бойынша жағажайлардың қызметіне, сондай-ақ су қоймаларының белгіленбеген жерлерінде шомылуға тыйым салынады. 

Ашық ауадағы аквапарктер қызметіне жұмыс күндері сағат 10-00-ден 17-00-ге дейін, алдын ала жазылу бойынша, толымдылығы 50%-ға дейін, еден таңбаларын, шектегіштер мен тосқауыл ленталарын салу жолымен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, сондай-ақ адамдардың болу ұзақтығы 3 сағаттан аспайтын, кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, жабдықтарды орналастыруға және жабдықтарды дезинфекциялау жүргізу үшін үзілістер ұйымдастырумен рұқсат етіледі. 

Кіру кезінде персонал мен келушілердің дене температурасын байланыссыз тәсілмен бақылау жүргізіледі. Жіті вирустық инфекция белгілері болған кезде персонал мен келушілерге кіруге жол берілмейді. Сонымен қатар сенбі және жексенбі күндері аквапарктің қызметіне тыйым салынады.

- Шұғыл жағдайларды қоспағанда, 2021 жылдың 2 тамызынан бастап меншік нысанына қарамастан барлық амбулаториялық-емханалық ұйымда (емханалар, стоматологиялық, гинекологиялық және басқа да медициналық ұйымдарда) эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін науқастарды жоспарлы амбулаториялық-емханалық емдеуге қабылдауды тоқтатылады.

Амбулаториялық-емханалық бейіндегі денсаулық сақтау объектілеріне шұғыл медициналық көмекке жүгінген пациенттерді қабылдауды жүргізу, кеңес беру және дәрігерлердің қабылдауын қашықтық форматында жүзеге асыру, медициналық бақылауды қоңырау шалу арқылы жүргізу, сонымен қатар науқастарға, жүкті әйелдерге, байланыста болған адамдардың үйіне бару кезінде COVID-19 берілуін алдын алу және өзін қорғау мақсатында сақтық шараларын сақтауы тиіс.

- МСАК объектілерінде кәсіптік медициналық тексерулердің барлық түрін, кезекті скринингтік тексерулер жүргізуге тыйым салынады.

ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілеріне күдікті барлық тұлға емханалар ғимараттарының кіреберісіндегі тиісті көрсеткіштерімен жабдықталған «сүзгіден» зерттеу талдамаларын алу арқылы қабылданады.

Сонымен қатар ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар адамдарды 103 бригада келгенге дейін оқшаулау үшін арнайы бөлінген бөлме ұйымдастырылады.

Үй карантиніндегі адамдар үшін медициналық ұйымдарға бармай уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын (еңбекке жарамсыздық парағын) ресімдеуді және тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде пациенттерге үйге рецептілерді онлайн беруді немесе жеткізуді ұйымдастыру қажет.

Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін меншік нысанына қарамастан облыстың стационарларында карантин сақталады.

Медицина қызметкерлері мен пациенттердің стационар бөлімшелері бойынша қозғалысы шектеледі. Бұл ретте стационарлардағы пациенттерге баруға тыйым салынады.

- Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерде, интернат үлгісіндегі әлеуметтік оңалту орталықтарында карантинді және санитарлық-дезинфекциялық режим сақталады. 

Сондай-ақ туыстарының келуіне тыйым салынады.

Қаулы 2021 жылдың 2 тамызында сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.

Өзгелердің жаңалығы