Коронавирус. Қытайдан тағы 217 қазақстандық жеткізілді

11 Ақпан 2020, 10:54
1259
Бөлісу:
Коронавирус. Қытайдан тағы 217 қазақстандық жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Оның аясында Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шаралары қаралды.

Бүгін сағат таңғы 06:05-те Бейжің қаласынан 217 Қазақстан азаматы жеткізілді. Қазіргі уақытта олар арнайы медициналық ұйымда орналастырылып жатыр. Олардың арасынан науқас адам тіркелген жоқ. Республикамызда коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуына жол бермеу үшін мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық пунктерде 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап барлығы 260 мың адам, оның ішінен Қытайдан 30850 адам қаралды. Жедел респераторлық вирустық инфекция симптомдары бар 140 адам емдеуге жатқызылып, қазір оның 13-і емделіп шықты, тағы 27 науқас стационарда ем алуда. Емдеуге жатқызылғандар арасында коронавирус инфекциясы расталған жоқ, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Оның сөзінше, еліміздің медициналық ұйымдары Қытайдан келген 23059 адамды тұратын жері бойынша 14 күндік бақылауға алған. Нәтижесінде 15478 адам мониторингтен босатылып, 8690 адам әлі бақылауда. Алайда олардың ешқайсысында коронавирус анықталмаған. 

12 ақпанда Қытайдан еліміздің 155 азаматын арнайы рейспен әкелу жоспарланған. Қытай тарапының өтініші бойынша 10 ақпанда аталған рейспен Қазақстаннан 43 қытай азаматы және ҚХР елшілігі мен Алматыдағы бас консулдықтың комерциялық емес жүгі тасымалданды. Азаматтарды елге эвакуациялау жұмыстары аяқталғаннан кейін Қытайда қалуға ниет білдірген еліміздің 343 азаматы қалады, - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Өзгелердің жаңалығы