"Көргенсіз болма" сөздерін құлағымызға құйып өскенбіз – психолог

10 Қаңтар 2024, 08:00
2625
Бөлісу:
"Көргенсіз болма" сөздерін құлағымызға құйып өскенбіз – психолог

Баланың қабілетін кішкентайынан байқап, соған сәйкес тәрбие, бағдар беру қажет. Бұл туралы педагог-психолог, тіл жанашыры, отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі мәселесін зерттеп жүрген маман Гүлжайна Әймен айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Гүлжайна ханым, ұлт болашағы үшін отбасындағы тәрбиенің маңызы зор екенін білеміз. Отбасының негізгі міндеттеріне тоқтала кетсеңіз.

Отбасы қоғамдық құрылымның кіші тобы деп бекер айтылмаған. Қоғамның мықты берік болуы терезесі тең берік отбасына байланысты.  Отбасылық қатынастар қоғаммен, оның дамуымен тікелей байланысты. Ол – қоғамның әлеуметтік құрылымының негізі бір бөлігі.

Ер мен әйел – отбасының екі ірге тасы, әжем "бұл іргетас үй болумен құрылады" деп айтып отыратын еді. Отбасында ұрпақ жалғасады. Отбасының маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру, ал оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды.

Отбасы – қоғамның әлеуметтік құрылымының негізі. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын сіңіріп, ата-бабамыздан қалған тәрбиені жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру ата-ана парызы.

Ата-ананың тағы бір міндеті отбасы мүшелерімен қарым-қатынаста өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлау. Мұның бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Отбасынан тыс та тәрбие бар. Қазақ «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол»,- дейді ғой.

Отбасында жеке тұлға болып қалыптасуға кедергі келтіретін мысалдарға тоқталып өтсеңіз?

Иә, әрине ондай жағдайлар да бар. Арақ ішу, тәртіп бұзу, бұзақы сөздер сөйлеу, жатып ішерлік – мұның бәрі адам тәрбиелеуге теріс әсерін тигізеді. Отбасының тәрбиелеу міндетіне тікелей байланысты тағы бір қызметі бар.  Ата-аналар балаларының жеке ерекшеліктері мен қабілетін неғұрлым ертерек байқағаны дұрыс. Сонда бала өзінің ішкі қабілеті мен дарынын тез дамытады. Жас күнінен бастап олардың қабілетін байқап, соған сәйкес тәрбиелеу, бағыт-бағдар беру қажет.

Балалардың үздіксіз дамытып, шығармашылық қабілетін іске асыруы отбасынан басталады. Әке-шеше балаларына жақсы тәрбие беру керек. Тіпті бұл қоғам алдындағы жауапкершілік десем де болады.

Кейінгі кезде қалыптасқан «білім мектептен басталады» - деген көзқараспен келіспеймін. Ол отбасынан басталуы керек. Менің айтайын деп отырғаным, кітапқа деген сүйіспеншілік, кітап оқу әдеті – нағыз «отбасылық дүние». Қазір ақпараттық технология, интернет уақыты екенін жақсы білеміз. Десек те, кітап оқу - баланың бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға, жылдам және дұрыс шешім қабылдауға, ойын еркін жазуға және жеткізуге көмегі көп екенін ұмытпауымыз керек.

Ұрпақ тәрбиесi - ұлт болашағы дегенді жоғарыда айттық. Бала бойында тілге деген құрмет пен ұлтқа деген сүйіспеншілікті қалай оятамыз?

Адамның адамгершілігі – ақыл, ғылым, өнегелі ата-ана, жақсы дос-құрбы, ұлағатты ұстаздан басталады. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, отбасы тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы мектебі ол үлкен мектеп. Ал оның сапалы болуы, тілге құрметтің артуы тікелей ата-анаға байланысты. Ата-ана қай тілде сөйлесе, баласы да сол тілді меңгереді. 

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» - деген қазақтың нақыл сөзі отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұр емес пе?Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасы тәрбиесінен басталып, бала көкірегінде сақталады.

Қазақ отбасындағы бүгінгі ата-ана келбеті қандай болу керек?

Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін ана тұрады, олар – отбасы мектебінің ұстаздары. Әке мен ананың баласына қоятын ең бірінші басты талап- тілектері - баланың «әдепті бала» болып өсуі.

Сондықтан қазақ отбасында әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік жасама, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген. Мені де әжем дәл солай тәрбиелеп өсірді.

Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Жанұясында осындай тәрбие көрген бала тіл алатын, адал, тиянақты, ұқыпты болып өседі. Оған бүгінде көзіміз жетіп отыр. Өзім де ата-әжемнің қызы болып, еркелеп өстім.

Ал осы отбасының ұйытқысы мен берекесі көп жағайда – әйелдің қолында. Ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластық отбасының басты діңгегі.

Сайып келгенде, әдепті, әрі саналы қоғам қалыптастыруда - отбасының маңызы орасан зор. Отбасы бастауы болатын ата-ана өздеріне тиесілі азаматтық, әдеп-адамгершілік міндеттерін мүлтіксіз орындаса шаңырақта, қоғамда, тіпті елде де бейбіт те, берекелі тұрмыс болады деген пікірдемін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы