Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

21 Желтоқсан 2020, 10:12
4762
Бөлісу:
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Корей мәдени орталығының жұмыс істеп тұрғанына биыл 10 жыл толды. Бұл - Азиядағы жалғыз орталық. Мәдени орталық қазақстандықтарды корей мәдениетімен, ұлттық дәстүрімен таныстыру мақсатында құрылған. Осы орайда орталық туралы толығырақ біліп көрдік.

Корей мәдени орталығының директоры Ли Херан ханым орталық туралы, оның атқаратын қызметі туралы сұхбатта айтып берді. Оның сөзінше, мәдени орталықтың құрылуының негізгі мақсаты – қазақстандықтар мен Орталық Азия тұрғындарын корей мәдениетімен таныстыру. 

Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Корея Республикасы Корей мәдени орталығы 2010 жылы наурыз айында ашылды. Биыл орталық 10 жылдығын атап өтуде. Бұл - Азиядағы жалғыз орталық. Корей мәдени орталығының ашылуының негізгі мақсаты – ҚР азаматтары мен Орталық Азия тұрғындарын корей мәдениетімен таныстыру. Сондай-ақ, екі ел арасындағы мәдениет және өнер саласындағы байланысты түрлі мәдени шаралар арқылы нығайту, - дейді директор. 

  2020 жыл. Ешкім пандемияны жоспарламады 

Директор Ли Херан орталықтың 10 жылдығына орай түрлі мәдени шараларды өткізуді жоспарлағандарын айтты. 

Биыл әртүрлі мәдени шаралар өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Әрине, біз, жалпы ешкім пандемия болатынын жоспарламады. Коронавирус індеті проблемасы туындағаннан бастап карантинге кетуге, жабылуға мәжбүр болдық. Осы жылы офлайн, яғни қонақтардың тікелей қатысуымен тек бір ғана шара өткізе алдық. Атап айтсам, карантин басталғанға дейін Сольналь мерекесін атап өттік, - дейді ол. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Карантин басталғалы Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және тоқтату мақсатында орталық барлық карантин талабын сақтап келеді. 

Осы уақыт аралығында орталық жабық режимде жұмыс істеді. Яғни халықтың бұрынғыдай емін-еркін кіруіне уақытша тыйым салынды. Алайда жұмысымыз осымен тоқтап қалған жоқ. Біз толығымен онлайн форматқа көштік. Тек өткен аптадан бастап орталыққа келу қажеттілігі туындаған адамдар үшін ашылдық. Олар орталыққа келмес бұрын алдын ала жазылып, уақытын белгілейді және карантин талаптарын міндетті түрде сақтайды, - деп атап өтті Ли Херан. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

  Карантин. Жұмыс орындары сақталып қалды ма? 

Қазіргі таңда орталықта директорды қосқанда 10 қызметкер жұмыс істейді. 

Әлемдегі қиын жағдайға қарамастан жұмыс орнын не қызметкерлердің жалақысын қысқартқан жоқпыз. Керісінше қосымша бір жұмыс орнын құрдық. Өткен айда Корея Республикасы мен Орталық Азия арасындағы ХІІІ ынтымақтастық форумы өтті. Форум барысында делегаттар COVID-19 індетімен күресті талқылап, сондай-ақ, әр сала бойынша, соның ішінде мәдениет, спорт бағытындағы стратегиялық ынтымақтастықты сөз етті. Себебі коронавирус салдарынан биыл мемлекеттер арасындағы мәдени байланыс белсенділігі айтарлықтай төмендеді. Індет ахуалы жақсарған соң біз қайтадан мәдени байланысты одан әрі арттыруға ниеттіміз. Сол себепті осы жаңа жұмыс орнын құрдық, - деп жеткізді орталық директоры Ли Херан.  
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Орталықтың сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес қызметкердің орташа айлық жалақысы 1200 АҚШ долларын (шамамен 500 мың теңге) құрайды. 

Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

  10 жылдық қалай аталып өтілді? 

Сонымен қатар, орталық директоры 10 жылдыққа орай қандай іс-шаралар өткізгендерін айтып берді. 

Биыл орталығымыздың құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осынау атаулы күнді тиісінше атап өткізіміз келді. Түрлі ауқымды мәдени іс-шаралар жоспарладық. Айта кетсем, K-POP концерттер, көрмелер және басқа да маңызды шаралар жоспарда болды. Алайда биылғы індет ахуалына байланысты жоспардағы кештерді өткізу жүзеге аспады. Бірақ орталықтың жұмысы онлайн форматта жалғасын тапты. Мысалы, карантин уақытында түрлі онлайн шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсам, Қазақстандағы Корей фильмдерінің онлайн фестивалі, - дейді орталық директоры. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Фестиваль аясында корейлік атақты 2 фильм көрсетілді – «Пусанға баратын пойыз» және «Дефольт». 

Ли Херан ханым осы фестиваль арқылы карантинде отырған халыққа осынау қиын кезеңді бірге жеңетінімізді көрсетіп, қолдау көрсетуге тырысқандарын жеткізді. 

Одан бөлек, қазақстандықтардың балет өнерін жақсы көретіндерін біліп, «Universal Balet» корей балет труппасының қойылымын онлайн форматта ұсындық. Естеріңізде болса, «Universal Balet» корей балет труппасы «Экспо-2017» көрмесі кезінде Қазақстанда өнер көрсеткен болатын. Балет труппасы корейдің атақты повесін қойды. Ол қойылым Шекспирдің «Ромео мен Джулиеттасымен» теңдей десек артық болмас. Себебі ол да махаббат туралы. Яғни екі жастың махаббаты балет қойылымы арқылы көрсетілді, - деп атап өтті директор. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

  Балаларды қандай курстарға беруге болады? 

Директордың сөзінше, Корей мәдени орталығының курстарын 2 бөлікке бөліп қарастыруға болады. Оның алғашқысы – корей тілін үйрену курсы. Екіншісі – мәдени курстар. Оған K-POP билер, дәстүрлі билер, аспаздық курсы кіреді. 

Тіл үйрену курсы бойынша студенттер жылына 3 семестр бойы оқи алады. Мәдени курстар бойынша студенттер 2 семестр бойы білім ала алады. Сондай-ақ, жазғы семестрде қосымша K-POP академия курсы құрылады. Бұл K-POP би мен вокалға үйрететін арнайы курс. Оған қатысқан студенттерді өз ісінің арнайы мамандары Кореядан келіп оқытады. Олардың қатарында атақты K-POP айдолдарды үйреткен мамандар да бар, - дейді Ли Херан. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Орталықтың жүргізген статистикасына сәйкес жыл сайын корей тілін шамамен 900 студент үйренсе, мәдени курстарда 250 студент оқиды, ал K-POP академия курсына 45-ке жуық студент қатысты. Жалпы алғанда жылына орталықта 1 100-ден аса адам білім алып жатыр. 

Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Сонымен қатар, орталықтың барлық курсы онлайн форматта өтті. 

Карантин жариялана салысымен қоғамдық орындар жабылды. Сондықтан біз де корей тілін оқытуды онлайн форматқа бірден көшірдік. Көктемде орталық мұғалімдері студенттерге Skype арқылы тіл үйретуді жалғастырды. Ал аспаздық курсына келетін болсақ, алғашқыда курстар Instagram-да тікелей эфир арқылы өтті. Кейін онлайн видео сабаққа ауыстырдық. Себебі корей тағамдарын дайындауға қызығушылық танытқандар кез келген уақытта видеоны бірнеше рет қарап, өз беттерінше үйрене алады. Видеолар орталықтың ресми сайты мен Youtube-тегі арнасына жүктеліп отырылды. K-POP биін де видео сабақ арқылы мұғалім үйретті. Яғни алдымен би қимылдары видеоға түсіріліп, кейін тиісті платформада жарияланды. Би ұстазы атақты Black Pink тобының «How you like that» әніне әр апта сайын бір видео арнаға жүктеп отырды, - дейді ол курстар жайында. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Айта кетейік, қызығушылық танытқандарға видео сабақтар кез келген уақытта орталықтың ресми сайтында және Youtube-тегі арнасында қолжетімді. 

Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

  Алғаш рет журналистерге тегін корей тілі курсы ашылды 

Орталық директоры Ли Херан ханымның айтуынша, корей тілінің алғашқы деңгейіне тіркелу өте қиын. 

Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Шынын айтсақ, біздің орталыққа корей тілін үйренудің алғашқы деңгейіне тіркелу өте қиын. Себебі үйренгісі келетіндер саны өте көп. Өтінім бергендер көп болған күннің өзінде орындар саны шектеулі. Осы орайда кей журналистерден корей тілін үйренгісі келетіндері туралы ұсыныс түсті. Сондықтан корей тілін үйренуге қызығушылық танытқан журналистер үшін арнайы корей тілін үйрену курсын құрдық. Осы курс арқылы олар корей тілін ғана емес, оның мәдениетімен, дәстүрімен танысуға мүмкіндік алады, - деп атап өтті директор. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Курстар әр сенбі сайын өтеді. Сондай-ақ, қызығушылық танытқан журналистерге өтінім беруде еш қиындық тумайды. Курсқа тіркелу тегін, бірақ оқулық ақылы. Қажет болса, бірнеше адамға бір оқулық алуға немесе интернеттен де кітапты көшіріп алуға болады. Жалпы алғанда бұл курс журналистерге қолжетімді.  

Сондай-ақ, орталықта корей мәдениетіне қызығушылық танытатындар арасында жиі конкурстар ұйымдастырылып тұрады. 

Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Бұл жылы өте көп онлайн конкурс өткіздік. «Шешендік өнер шебері» конкурсы, Корей әліпбиі «Хангыльдің» 574 жылдығына орай, сонымен қатар корей мәдениетін жақсы көретіндер үшін де конкурс ұйымдастырылды. Бірнеше күн бұрын осы жылдың соңғы конкурсы – корей асханасы бойынша конкурс аяқталды. Оған кез келген қызығушылық танытқан адам қатыса алды. Яғни өз қолымен корей тағамын әзірлеп, кейін оны суретке түсіріп, өтінім жолдау қажет болды. Бұл конкурстың барлығы онлайн форматта өтті. Ал жеңімпаздар сыйлықтарын регионда тұратындар пошта арқылы не елордада тұратындар болса, алдын ала жазылу арқылы орталықтан алып кетті, - деп атап өтті Ли Херан. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

  Қазақстан менің жаныма өте жақын 

Корей мәдени орталығының директоры әр 3 жыл сайын тағайындалып отырады.  

Мен орталықтың төртінші директорымын. Бірінші директор мистер Хан болатын. Әр директор орталықта 3 жылдай жұмыс істейді. Негізі менің үш жылдық жұмыс уақытым аяқталды. Дегенмен Қазақстан менің жаныма өте жақын, әріптестерім де өте керемет, оның үстіне өзімнің дәстүрімді, мәдениетімді сүйемін. Сондықтан тағы 3 жыл бойы осы жерде Корей мәдени орталығы директоры міндетін атқаруды жалғастырамын, - дейді директор өз қызметі туралы. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Сондай-ақ, ол қазақстандықтарды корей мәдениетімен, дәстүрімен таныстыруды әрі қарай да жалғастыра беретінін жеткізді. 

Әрине корей мәдениетін, дәстүрін барынша көп адамның білгенін, көргенін қалаймын. Ол K-POP болсын, корей фильмдері болсын не драмалар болсын. Дегенмен мен қазақстандықтардың қаншалықты корей мәдениетімен қызығатындарын айта алмаймын, біле алмаймын. Алайда осы қызметім барысында Қазақстан тұрғынарын сан алуан түрлі корей мәдениетімен таныстыра бермекпін. Себебі әлі де халыққа танымал емес салалар өте көп. Сол себепті корей мәдениетін әр қырынан таныстыруға тырысамын. Орталықта мен жалғыз жұмыс істемеймін. Біз команда болып жұмыс істейміз, түрлі қызықты шаралар ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, Корей мәдени орталығынан Кореяға баруға мүмкіндігі жоқ адамдар ол елдің қалай екенін, қандай ел екенін өз көздерімен көре алады. Яғни орталық Қазақстандағы Кореяның бір бөлігі іспеттес, - дейді Ли Херан орталық жайында. 
Корей тілі, асханасы, K-pop. Елордадағы кішкентай Корея

Сондай-ақ, директор биылғы жылдың соңғы шарасын өткізуді жоспарлап отырғандарын айтты. 

Жылдың аяғы болды. Жоспарлаған барлық шараны өткіздік. Өткен аптада соңғы шара болды. Дегенмен өзіміздің тағы бір ішкі шарамыз қалды. Ол «K-Culture Supporter»-мен кездесу. Supporter-лер Қазақстанда корей мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген адамдар. Жыл сайын желтоқсанның соңында жиналып, жылды бірге қорытындылайтынбыз. Биыл олай жиналуға мүмкіндік жоқ. Бірақ бұл шараны онлайн өткізіп, Supporter-лерге алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстаймыз, - деп қорытындылады ол. 

 Қосымша ақпарат үшін: 

Орталық экспозициялық зал, концерт және көрме залы, демалыс залы, VIP бөлме, аудитория, Суракан (асхана), бук кафе, шағын кино залынан тұрады.

Өзгелердің жаңалығы