Қордай ауданының екі ауылына газ берілді

16 Қазан 2020, 23:56
1940
Бөлісу:
Қордай ауданының екі ауылына газ берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қордай ауданы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша тапсырмасы бүгінде сәтті іске асуда. 

Қарасу, Өтеген, Масанчи, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарына жалпы сметалық құны 5,6 млрд теңгені құрайтын 73,2 шақырым газ құбырын тарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары бүгінде аяқталуға жақын. 15 қазан күні құрамына Өтеген ауылы кіретін Қарасу ауылдық округіне газ кіргізілді.

Салтанатты шарада аудан әкімі Рүстем Дәулет қос ауыл тұрғындарын осы тамаша сәтпен құттықтап, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың бұл тек бір парасы ғана екенін айтты. Ауылға жеткен газдың алауы жағылып, салтанатты түрде іске қосылды. Қарасулықтардың қуанышында шек жоқ.

Жалпы қос ауыл бойынша 1 251 тұрғын үй жыл соңына дейін көгілдір отынмен қамтылатын болады. Құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан «Фирма СКМ Строй» ЖШС ауылішілік желілерді тартуды аяқтаған. Тұрғындармен келісім шарт жасалып, көгілдір отынды үйге кіргізу ретімен жоспарға сай жалғасатын болады. Газ қосу бойынша төленетін ақының да тиімді жолдары қарастырылған. Алдағы уақытта жергілікті кәсіркерлердің демеушілігімен көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға газ құбырын тартуға көмек көрсетілетін болады.

Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін ауданның 100 мың тұрғынын көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Қазірде 41 елді мекеннің 12-сіне газ құбыры тартылды. Тағы 10 ауылға жеткізу жұмыстары аяқталуға жақын. Осылайша көгілдір отынның қызығын ауданның 95 процент тұрғыны көреді деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы