Көпбалалы ана елорда әкіміне алғыс білдірді

7 Тамыз 2019, 09:58
3096
Бөлісу:
Көпбалалы ана елорда әкіміне алғыс білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Алтай Көлгінов азаматтарды қабылдады. Қала тұрғындары тұрғын үй алу, балабақшаға жолдама және несие бойынша өсімді өтеу мәселелерімен жүгінді. Қабылдауға басқарма басшылары, аудан әкімдері мен "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" өкілдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. 

Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 5 баланың анасы Жанарға "Мектепке жол" акциясы бойынша балаларын оқу орнына жинауға көмек көрсетілетін болады. Жұмысқа орналасқаннан кейін және алты айлық жалақысының бір бөлігі зейнетақы қорына аударылғаннан кейін ол "Бақытты отбасы" тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш бере алады. 

"Осындай кездесулерде көптеген сұрақтарға бірден жауап алуға болады. Баламды балабақшаға орналастырғаннан соң жұмысқа тұрамын. Ертеңгі күнге сенімді болу керек. Бізге қолдау көрсеткеніңізге және ашық диалогқа шыққаныңыз үшін рахмет", - деді Жанар. 

Сондай-ақ, қала тұрғыны, 8 баланың анасы Бақтыгүл баласын балабақшаға жібере алады. Бұл тұрғынның да Жанар сияқты "Бақытты отбасы" тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш беруіне толықтай мүмкіндігі бар. 

Өз кезегінде Нұргүл жеке мәселесі туралы айтып берді. Нұргүл тұрғын үйге кезекке тұра алмайды, себебі оның атында апатты деп танылған үй бар. Әкімдіктің тапсырмасы бойынша жауапты тұлғалар барлық мәліметті анықтап, әйелдің бағдарламаға қалай қатыса алатынын анықтап береді. 

Қала әкімі көпбалалы, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен, аз қамтылған отбасылармен жүйелі түрде кездесулер өткізіп тұрады. Бір ай көлемінде өткізілген азаматтарды қабылдау кезінде қала әкімі 200-ден астам адаммен кездесті, 700-ден астам сұрақ бақылауға алынды. Барлық өтініш бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы