Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 23-бап ел азаматтарының түрлі партияларға, саяси ұйымдар мен кәсіподақтарға мүше болу еркіндігін қамтамасыз етеді.
Дегенмен, мемлекеттік мүдде мен саяси қауіпсіздікті, мемлекеттік қызметтегі әділдікті негізге ала отырып, түрлі ұйымдар мен партияларға мүше болуына болмайтын азаматтар да бар. Конституциялық реформа негізінде жаңадан дайындалған Ата заң жобасында осы ұйымдарға, партияларға мүше болуға болмайтын азаматтардың қатары көбейбі деуге болады.
Қазіргі қолданыстағы конституцияда әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар ғана партияларға, ұйымдарға мүше болуына болмайды делінсе, жаңа Конституция бойынша бұл қатарды Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері қосылды.
Бұл елдегі саяси жүйенің әділетті болуына мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиялық көзқарасқа, партияны жақтаушылыққа жол бермейді деген сөз.
Коституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.
23-бап
Жаңа нұсқада: 23-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Республика Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс.».
Ескі нұсқада: 23-баптың 2-тармағы
2. Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс.
Ескерту. 23-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.07.05 N 13/2 қаулысымен.
Есретіңізге сала кетейік, бұған дейін Конституциялық реформада өзгертілген 4-бап пен 6-баптың және 15-баптың қалай өзгергені жайлы жазған болатынбыз.