Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерін жетілдіру жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұмыс топтары құқықтық нормалардың тұжырымдарын, оңтайландыру және олардың мазмұнын баршаға түсінікті ету мақсатында қажетті шаралар қабылдап жатыр.
Терминдік және семантикалық бірізділікті қамтамасыз етуге баса назар аударылып жатыр. Үкімет, Парламент, Президент Әкімшілігі бөлімдерінің мамандары, Конституциялық комиссияның редакциялық-терминологиялық жұмыс тобы, Халықаралық қазақ тілі қоғамы, жаңа Ата Заң мәтінінің жобасына жұмылдырылған лингвист мамандар тарапынан берілген ұсыныстардың негізінде редакциялық, стилистикалық түзетулер жүргізілді, - деді Нұрмұханов.
Мұндай түзетулер бірнеше нормаға енгізілді. Мысалы, преамбуладағы “Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап” деген сөздер “Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап” деп өзгертілді.
Мәтін бойынша “неприкосновенность” деген термин сан рет кездеседі. Қазақ тілінде ол “қол сұқпау”, “қолсұғылмаушылық” деп алынып отыр. 9-бап нақтыланып, “тең” сөзі “қатар” деп ауыстырылды. 50-ші және 51-баптарда “өтініш” деген сөздер “мәлімдеме” деп алынды. Қазақ тіліндегі сөйлем құрау ерекшеліктерін ескере отырып, “является” деген сөз сызықшамен ауыстырылды. Осылайша қазақ тіліндегі “болып табылады” деген сөздер алынып тасталды, - деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Бақыт Нұрмұханов бұл бағыттағы шаруа ары қарай жалғаса беретінін жеткізді.