Қазақстанның Конькимен мәнерлеп сырғанау одағы Миландағы төрешілер дауына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы күндері Қазақстан медиасы мен әлеуметтік желілерінде Миланда өткен Олимпиада ойындарындағы төрешілердің жұмысын сынға алды.
Айта кетейік, Миланда өткен 2026 жылғы Олимпиадада қазақстандық төреші Надежда Парецкая көпшіліктің талқылауының ортасында қалған болатын. Жанкүйерлер оның еркін бағдарламада ресейлік Аделия Петросянға барынша жоғары ұпай қойып, ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың өнеріне тым сын көзбен (қатал) қарағанына назар аударған еді.
Қазақстанның Конькимен мәнерлеп сырғанау одағы осыған қатысты ресми түрде мәлімдеме жасады.
Қолданыстағы ережеге сәйкес, төрешілердің жұмысын бағалау және олардың қызметіне қатысты ресми түсініктеме беру құқығы тек Халықаралық конькишілер одағына (ISU) тиесілі. Қазақстан атынан барлық халықаралық талаптар мен критерийлерге сай келетін өкіл қатысты. Қазақстанның Конькимен мәнерлеп сырғанау одағы жанкүйерлерді жағымсыз пікірлерден аулақ болуға шақырады. Миланда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан екі мәнерлеп сырғанаушы өнер көрсеткені белгілі. Михаил Шайдоров отандық мәнерлеп сырғанау тарихында тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанды, ал Софья Самоделкина 10-орынға ие болып, өз мансабындағы ең үздік нәтижесін көрсетті, делінген ресми жауапта.
Еске салайық, 14 ақпанда Михаил Шайдоров Италияда өткен Milano Cortina 2026 қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан
алтын медаль жеңіп алды. Ол қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, жапониялық Юма Кагияма (күміс) мен Шун Сатоны (қола) артта қалдырды. Бұл жеңіс Қазақстан үшін тарихи болды – мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтыны иеленді.
Ал тағы бір спортшымыз Софья Самоделкина 10-орынға тұрақтаған болатын.