Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегіне байланысты ахуал күрделене түсуде. Reuters агенттігінің мәліметінше, ел билігі індеттен қайтыс болғандар санының 300-ден асқанын ресми түрде хабарлады.
Соңғы тәулікте елде Эбола жұқтырудың тағы 37 жағдайы тіркеліп, бес адам көз жұмған. Соның нәтижесінде зертханалық расталған науқастар саны 1 155-ке, ал қайтыс болғандар саны 304 адамға жетті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, эпидемиологиялық және биологиялық бақылау шараларының күшейтілуі ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Індетпен күреске қажет қаржы бірнеше есе өсті
Африканың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы Эбола індетіне қарсы күреске қажетті қаржы көлемі қайта есептелгенін мәлімдеді. Енді бұл мақсатқа 1,4 миллиард АҚШ доллары қажет. Бұл маусым айында жарияланған 518 миллион долларлық бастапқы бағалаудан шамамен үш есе көп.
Жаңартылған есепке індетке қарсы медициналық шаралармен қатар гуманитарлық көмек көрсетуге жұмсалатын шығындар да енгізілген.
Орталықтың бас директоры Жан Касеяның айтуынша, халықаралық серіктестер әзірге 910 миллион доллар көлемінде қаржы бөлуге уәде берген. Алайда соның тек 13 пайызы ғана нақты аударылған.
Эпицентрдегі жағдай күн сайын қиындап барады
Жан Касея қажетті қаржы толық көлемде бөлінбейінше және гуманитарлық мәселелер шешілмейінше, індеттің таралуын тоқтату мүмкін болмайтынын айтты.
Оның сөзінше, аурудың негізгі ошағы саналатын Конго Демократиялық Республикасының Итури провинциясында жағдай күннен-күнге күрделеніп келеді.