Әбдіқалықова: Әр компания өз қызметкерінің әлеуметтік мәселесін шешуге ұмтылуы керек

5 Сәуір 2019, 20:46
2219
Бөлісу:
Әбдіқалықова: Әр компания өз қызметкерінің әлеуметтік мәселесін шешуге ұмтылуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған Үкіметтік жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру бойынша Павлодар облысына барды.

Жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Nur Otan партиясының хатшысы Ф. Қуанғанов кірді.

Өңірдегі жұмыс сапары Екібастұз қаласының өнеркәсіптік және әлеуметтік объектілерін аралаумен басталды.

Премьер-Министрдің орынбасары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС базасында қала және аудан әкімдерімен, кәсіпорын, бизнес-құрылым және кәсіби одақ басшыларымен кездесу өткізді.

«Әр компанияға әлеуметтік жауапты болуға,  өз жұмыскерлерінің әлеуметтік және тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша шаралар қолдануға, әкімдіктерге әлеуметтік-еңбек саласын дамытуға көмектесуге ұмтылу қажет. Сондықтан бұл жұмысты жүйелі жалғастыру керек», — деді вице-премьер.

Әбдіқалықова: Әр компания өз қызметкерінің әлеуметтік мәселесін шешуге ұмтылуы керек

Бұдан әрі олар жылына 10 млн раушан гүлі мен 4 мың тонна қызанақ өсіретін «GreenHouse KZ» ЖШС жылыжай кешенін аралады. Кәсіпорында шамамен 200 адам жұмыс істейді, орташа еңбек ақы 120 мың теңгені құрайды. Осы жылы аз қамтылған халық топтарынан әсіресе әйелдерді қабылдау үшін жаңа 300 жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Содан соң, Г. Әбдіқалықова мен Б. Сапарбаев Елбасының бастамасы «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алған темір ұстасы Н. Кенжебаев пен станок операторы Қ. Нүркеевтің отбасыларына барды. Баспанаға бастапқы жарнаны олар жұмыс істейтін кәсіпорын төледі.

Вице-премьер мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі құрылысы жүріп жатқан отын-энергия салалары үшін кадрларды дайындау мен қайта дайындаудың өңіраралық орталығында «Қайнар» білім беру және демалыс кешені қызметімен танысты және жастармен кездесті.

Кездесуде ауылдан келген жас кәсіпкер Ғ. Әлдібеков өз жоспарларымен бөлісті. Өз бизнесін ол 2,5 млн теңге сомасында жеңілдік несиемен «Даму» қоры бойынша бастады. Қазіргі күні оның шаруашылығында 100 жылқы, 77 ірі қара мал, 120 қой бар. Ғ. Әлдібеков өз құрдастарына ауылға келіп, мал және өсімдік шаруашылығымен айналысуға шақырды, бұл үшін мемлекеттің барлық жағдай жасағанын атап айтты.

Осы күні жұмыс тобының өзге мүшелері Павлодар облысының аудандарына барды. Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова – Тереңкөл ауданына, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов –Май ауданына, Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаршуашылығы істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов – Павлодар және Ақсу қалаларына, Nur Otan партиясының хатшысы Ф. Қуанғанов – Ақтоғай ауданына барды.

Жұмыс тобының мүшелері ауыл педагогтармен, денсаулық сақтау қызметкерлерімен кездесті, денсаулық сақтау, білім беру нысандарын және мекемелерді, құрылыс алаңдарын аралап, халықпен жеке қабылдау өткізді.

Өзгелердің жаңалығы