Комиссия жаңаөзендіктердің жұмыс мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты

21 Сәуір 2023, 19:42
1130
Бөлісу:
Комиссия жаңаөзендіктердің жұмыс мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты
Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК

Бүгін Жаңаөзенге қала кәсіпорындарының мәселелерін қарап, талдау үшін келген арнайы жұмыс тобының екінші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыс кезінде жұмыс тобын екі шағын топқа бөлу туралы шешім қабылданды. Біріншісі қаржы-шаруашылық және сатып алу қызметін тексереді, ал екінші топ аса өзекті мәселелерді анықтау мақсатында фокус топтармен және жұмыс ұжымдарымен коммуникация орнатуға жауапты болады.

Кеңес барысында «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай жұмыс тобы өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған жағдайда компанияда кадрлық өзгерістер жүргізілетінін атап өтті.

Комиссия жаңаөзендіктердің жұмыс мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты

Сонымен қатар кеңестен кейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері жергілікті жұмысшылар арасында сауалнама жүргізуге кірісті және компанияның бірқатар өндірістік нысанын аралады.

Атап айтқанда, жұмыс тобының мүшелері химия және экология басқармасында, сондай-ақ мұнай айдау басқармасында болды. Қызметкерлер бірқатар техникалық қондырғыны жаңарту қажеттілігі туралы айтып, білікті кадрлардың тапшылығы барын жеткізді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері өз тарапынан «Өзенмұнайгаз» АҚ компаниясының еңбек жағдайын жақсарту және инфрақұрылымын жаңарту бойынша қажетті өзгерістер енгізуге дайын екендігін білдірді.

Комиссия жаңаөзендіктердің жұмыс мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты

Сол күні жұмыс тобының жетекшісі, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің бұрынғы қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде Дәулетжан Хасанов жалақы мен әлеуметтік пакетті сақтай отырып, «БерӘлінің» бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа орналастыру және алдағы уақытта ұзақ мерзімді еңбек шарттарын жасасу жөнінде ұсыныстар айтты. Айтылған сөздерді растау үшін кездесуге қатысқандар тиісті хаттамамен танысып шықты. Жалпы «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметін тексеру жұмыстары бірнеше аптаға созылатынын атап өтеміз. Сондай-ақ жақын арада жұмыс тобы 67 мұнай өндіру және мұнай сервисі ұйымдарының ұжымдарымен кездесетін болады, - делінген "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы таратқан ақпаратта.

Еске салсақ, 11 сәуір күні түнде Астанадағы Энергетика министрлігі алдына жұмыссыздық мәселесін шешуді талап етіп жиналған 150-ге жуық мұнайшылар бейнеүндеу жолдады. Олар тұрақты жұмыс пен жалақының берілуін талап етті. 

Нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізді.  Бұл дауға қатысты Энергетика министрлігі де ресми жауабын берді.

Бас прокуратура мұнайшыларды полиция не үшін алып кеткенін түсіндірді. Сонымен қатар 5 белсенді жаңаөзендікке қатысты әкімшілік іс қозғалғаны анықталды. 

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Премьер-министр Әлихан Смайловқа сауал жолдап, мұнайшылардың мәселесін көтерді. Ол мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатқанын айтып, дабыл қақты.

Өзгелердің жаңалығы