Қолөнер және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бойынша жаңа жоба қолға алынды

29 Маусым 2021, 09:47
5674
Бөлісу:
Қолөнер және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бойынша жаңа жоба қолға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстандағы АҚШ Елшілігі мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, дәстүрлі қолөнерді сыртқы нарықта ілгерілету мен шығармашылық индустрияларды дамыту арқылы мәдени мұраны сақтау мақсатында «Born Nomad» бірлескен жобаның басталғанын хабарлайды.

«Born Nomad - Power Award» ұлттық байқауы қазақ мұрасын қайта жаңғырту мен кеңінен насихаттауға, Қазақстанның дәстүрлі қолөнері мен халық шығармашылығының заманауи талдауын рухтандыруға бағытталған.

Жобаның демеушілері – Chevron мен ExxonMobil, байқаудың серіктестері – KazTrade, KazPost, Creative Industries Project Office, Қазақстан Шығармашылық Кеңесі, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстан әйелдер күштері альянсы, Атамекен Іскер әйелдер кеңесі мен Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі.

Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мен әйелдердің экономикалық рөлін күшейту – АҚШ-тың сыртқы саяси басымдығы.

Әйелдер өркендеген жерде елдер өркендейтінін білеміз, – деп елші Уильям Мозер айтқан еді.

Мүмкіндіктері кеңейген қолөнершілер сауда мамандарымен, интернет арқылы тауар сатушылар мен шығармашылық индустриясының мүдделі тараптарымен өзара әрекеттесетін және ынтымақтаса алатын экожүйені құру арқылы жоба Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасында коммерциялық синергия құруды көздейді.

«Born Nomad» жобасы үш құрауыштан тұрады: 1) халықаралық қойылым, білім беру мүмкіндіктері мен АҚШ-тағы желілік сатушылармен байланыс орнатуға арналған онлайн платформа; 2) жалпыұлттық таланттар байқауы және 3) ең жақсы туындылар көрсетілетін, байқау жеңімпаздары жарияланатын және шығармашылық экономика қиындықтары мен мүмкіндіктерін талқылауға арналған панельдер өткізілетін форум мен фестиваль.

Қатысушылар келесі номинациялар бойынша бақ сынайды: Дәстүр мен мәдениет, Инновация, Әйел шебері, Жас талант, 3D қолөнері және Шығармашылық Ынтымақтастық. Жеңімпаздарды Америка Құрама Штаттары мен Қазақстанның кәсіби топтарының өкілдері мен сарапшыларынан тұратын іріктеу комиссиясы анықтайды.

Бізде қолөнер кәсіпкерлігін жаңа деңгейге шығарудың ерекше мүмкіндігі бар. Бұл әсіресе әйелдер бизнесі үшін өте маңызды. Біз өз тарапымыздан «Бастау» жобасы арқылы барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Соңғы 4 жылда бұл жоба арқылы 150 мыңнан астам адам (оның 52%-ы әйелдер) микро және шағын бизнес негіздеріне машықтанды және 2000-нан астам қолөнер жобалары іске асырылды, – деді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Аблай Мырзахметов.

Жобаның ең соңында, қыркүйек айында форум мен фестиваль өтеді. Іс-шараның спикерлері мен тәлімгерлерінің қатарына халықаралық ұйымдар, американдық қолөнер қауымдастықтары және кәсіпкерлік мамандары кіреді. Қосымша ақпарат пен қатысу шарттары үшін тіркеу формасын толтырыңыз немесе info.bornnomad@gmail.com бойынша хабарласа аласыз.

Өзгелердің жаңалығы