Көлікті екі рет мас күйінде басқарған әкім изолятордан бір-ақ шықты

5 Ақпан 2024, 15:19
860
Бөлісу:
Көлікті екі рет мас күйінде басқарған әкім изолятордан бір-ақ шықты
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ - архив

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Мұстафин атындағы ауыл әкімі рөлге осымен екінші рет мас күйінде отырып, 15 тәулікке изоляторға қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еkaraganda.kz ақпаратына сәйкес Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Мұстафин атындағы ауыл әкімі Қайрат Құсайынов 3 ақпанға қараған түні ішімдік ішкен күйі көлік басқарған. Полицейлер оны тоқтатып, құжаттарды тексерген кезде ішімдіктің иісін сезген. Медициналық тексеріс Құсайыновтың орташа дәрежеде мас екенін көрсеткен. Осы оқиғаға қатысты әкімшілік іс қозғалды.

Сот шешімімен шенеунік жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, сонымен қоса 15 тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген хабарламада.

Мұндай шараның қолданылуы кездейсоқ емес. 2018 жылғы тамызда Құсайынов дәл осы әкімшілік іс бойынша ұсталып, үш жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болатын. Сол жылдары Қайрат Құсайынов Бұқар жырау ауданындағы Құшоқы ауылының әкімі болған еді.

Өзгелердің жаңалығы