Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірде қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Отырыста баяндама жасаған Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың сөзінше, биыл республикалық маңыздағы автожолдарды күтіп-ұстау үшін 112 дана техника қызмет көрсетеді. Ал облыстық және аудандық жолдарға 258 бірлік техника қарастырылған.
Қыс мезгілінде облыс аумағында 6309 шақырым жолды күтіп-ұстау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліпті. Қар басатын учаскелерде бұталар мен шөптер шабылып, жасанды қар ұстайтын ағаш және темірбетон қоршаулары орнатылды. Дайындалған 30072 тонна көктайғаққа қарсы инертті материал және үш мың тоннаға жуық дизель отынының қоры пайдаланылуда.
Өңірде автомобиль жолдарының бойында барлығы 108 жылыту пункті жұмыс істейді.
Облыс әкімі ауа райының қолайсыздығы тұрғындарды әбігерге салып жатқандығын сөз етті. Жолдарды тәулік бойы қардан тазарту және шектеулер кезінде көліктердің қозғалысына жол бермеу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, Асхат Шахаров Ақтөбе мен Хромтау арасындағы күре жолдың жайын көтерді.
Жаңа жылдың бірінші күнінде Хромтау ауданына бардым. Тасжолда жүру мүмкін емес. Әрине, халықтың наразылық білдіруі орынды. Биыл Көлік министрлігінің қолдауымен, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жобасын бастайды. Дегенмен, жоба басталғанға дейін қарап отыруға болмайды. Республикалық маңызы бар жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» Хромтау ауданының әкімдігімен бірлесіп, тез арада тесіктерді жамау жұмыстарын қолға алуға тиіс, - деп атап өтті өңір басшысы.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, салалық мемлекеттік органдар қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселесін үнемі пысықтап, бақылауда ұстауы керек. Төтенше жағдайлар департаменті қолайсыз ауа райы туралы халықты уақытылы ақпараттандыруы қажет.