Көлгінов кәсіпкерлермен кездесті

2 Қараша 2019, 12:27
1432
Бөлісу:
Көлгінов кәсіпкерлермен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов iQala бірыңғай қалалық қызмет көрсету орталығының алаңында кәсіпкерлерді қабылдады. Кәсіпкерлер кездесу барысында бірқатар мәселелерді талқылады, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.

Шағын және орта бизнесті дамытуға ел басшылығы ерекше көңіл бөледі. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, "жасыл" технологияларды пайдалану, құрылыс материалдарын өндіру үшін базалар салу, машиналарға арналған тұрақ кеңістігін кеңейту, тұрғын үйді бизнеске айналдыру және т.б. мәселелер көтерілді.
Әкімдік пен құрылымдық бөлімшелер әрбір мәселені егжей-тегжейлі зерттейтін болады. Қала әкімі Алтай Көлгінов бұл алаң – құр сөздің емес, нақты істің алаңы екендігін айтты. Кәсіпкерлермен кездесулер тұрақты түрде өткізіледі. IQala бірыңғай Қалалық қызметтер орталығы кәсіпкерлерге "бір терезе" қағидаты бойынша 90-нан астам қызмет көрсетеді. Жыл соңына дейін қызмет түрлерін 139-ға дейін арттыру жоспарлануда, - делінген таратылған ақпаратта.
Қазіргі таңда кәсіпкерлер электр қуаты, жылу мен су, қоқыс шығару және т.б. бойынша шоттарды бір жерде төлей алады. Цифрландыруға көшу аясында қызметтерді онлайн режимде iQala арнайы интернет-порталы арқылы төлеуге болады. Бұдан басқа, 2-қабатта кәсіпкерлерге тренингтер өткізіліп, заңгерлік және маркетинг қызметтері көрсетіледі.


Өзгелердің жаңалығы