Көлгінов Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесті

5 Ақпан 2021, 13:48
1161
Бөлісу:
Көлгінов Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Байқоңыр ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде 2020 жылы атқарылған шаруалар мен биылға жоспарланып отырған жұмыс жайлы қозғап өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қала тұрғындарымен тұрақты кездесіп, олармен - елорданы одан әрі дамыту жөніндегі жоспарды талқылау және қалыптастыру процесіне тарту маңызды. Қала тұрғындарының көпшілігі қала өміріне белсенді араласатыны қуантады. Бүгін барлық санитария нормаларын сақтай отырып, Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездестім. Ал бұған дейін басқа үш ауданның тұрғындарымен кездескенмін. Пандемияға қарамастан, Байқоңыр ауданында 2020 жылы көп жұмыс жүргізілді, биыл нақты жоспарлар бар, - дейді қала әкімі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бұқаралық спортты белсенді дамытуды және спортпен айналысу үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. Осылайша, ауданда 50–ден астам аула абаттанды, атап айтқанда, 600-ге жуық кіші архитектуралық форма, 10-нан астам футбол алаңы, 200 көше тренажерлері және бірнеше баскетбол алаңы орнатылды. Сондай-ақ, 22 аула жөнделіп, 14 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттанды. Қалада «бюджетке қатысу» жобасын жүзеге асырудамыз: әр тұрғын қатысып, абаттандыру бойынша өз жобасын ұсына алады.

Биыл көпшілік орындар мен жасыл аймақтардың саны айтарлықтай өсті. Экологияны жақсарту және қала тұрғындарының уақыт өткізуіне қолайлы орындар құру үшін Нұр-Сұлтанды ауқымды көгалдандырамыз. Мәселен, тек Байқоңыр ауданында 7 мыңнан астам ағаш пен 9 мың шаршы метр гүлзар отырғызылды. ТКШ саласында да көптеген жұмыстар атқарылды: 29 жастар тұрғын үй кешені және 10 жатақхана жөнделді. 2020 жылы ауданда 15-тен астам апатты үй сүрілді, - деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ, жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілді, бұл осы ауданның 70-тен астам көшесін, оның ішінде тұрғын алаптарын да қамтуға мүмкіндік берді.
Кездесуде тұрғындар 70-ке жуық мәселе көтерді, олар - көшелерді асфальттау, кәріз тарту, ТКШ жаңғырту және ескі үйлерді бұзу, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, әлеуметтік нысандар салу, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жағдай жасау және т.с.с. Тұрғындардың мәселесі бақылауға алынды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы