Қолданыстағы тіл жөніндегі бағдарламаға өзгерістер енгізіледі – Сапарбаев

3 Қыркүйек 2019, 10:58
2136
Бөлісу:
Қолданыстағы тіл жөніндегі бағдарламаға өзгерістер енгізіледі – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев  жолдауға сәйкес қолданыстағы тіл жөніндегі бағдарламаға өзгерістер енгізілетінін айтты.

«Қолданыстағы тіл жөніндегі бағдарламаға өзгерістер енгізіледі. Одан кейін келесі мәселе білімнің сапасын арттыру жөнінде Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы бар. Қолданыстағы оқу бағдарламаларына қазіргі заман талабына сай керекті мамандықтар бойынша өзгерістер енгізу мәселесі бар. Келесі мәселе – ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының айырмашылығын азайту. Соған байланысты әсіресе кішігірім мектептердің жағдайын жақсарту, мектептердегі мұғалімдердің жағдайын жақсарту, балаларға тиісті жағдай жасау жұмыстары қолға алынып, қосымша «Дипломмен ауылға» бағдарламасына өзгерістер енеді», - деді Бердібек Сапарбаев. 

Бірақ вице-премьер қолданыстағы тіл жөніндегі бағдарламаға нақты қандай өзгерістер енгізілетінін толық айтпады. Кеше президент өз жолдауында:«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», - деген болатын. 

Ол сондай-ақ келесі жылы мемлекеттік деңгейде қандай іс-шаралар атап өтілетініне тоқталды.

«Халықтың баспасөзге қолжетімділігін арттыру үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізіледі. Азаматтық қоғамның 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалады. Қоғамдық ұйымдарды арттыру үшін олардың нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер енеді. Өздеріңіз білетіндей, келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, еліміз егемендік алуының 30 жылдығын, Ұлы жеңістің 75 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтеді. Соған байланысты тиісті іс-шаралар қабылданады», - деді Бердібек Сапарбаев.
Өзгелердің жаңалығы