Көкжайлау «Іле Алатауы» ұлттық паркіне қайтарылды

8 Ақпан 2022, 16:03
2461
Бөлісу:
Көкжайлау «Іле Алатауы» ұлттық паркіне қайтарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Үкіметінің қаулысымен Алматы қаласы, Медеу ауданы, Көкжайлау шатқалындағы 1002,0 га жер учаскесі «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қайтарылды, деп хабарлады ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.

Көкжайлаудың басым бөлігін қылқан жапырақты шырша ормандарының бірегей экожүйелері мен ландшафттар алып жатыр. Көкжайлау ландшафттарының эстетикалық құндылығы, әсіресе Құмбел жотасының төменгі бөлігінде жақсы сақталған.
 
Көкжайлаудың қойнауында ҚР Қызыл кітабына енген Шренк шыршасының жатаған пішіні (стланниковая форма) Сиверс алмасы, Алатау өрігі, орташа пион, Виттрок рауғашы, Островский қызғалдағы, Алатау бәйлешегі, сынды т.б  өсімдіктер өседі.
 
Сондай-ақ бұл мекен жануарлар әлеміне де бай. Сүтқоректілердің 57 түрі, құстардың 200 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 4, қосмекенділердің 3 және балықтардың 4 түрі кездеседі.
 
Көкжайлаудың тұмса табиғаты туризм үшін де қолайлы. Мәселен келушілер Медеу жағынан да, Алмаарасан шатқалы жағынан да оңай көтеріліп, табиғи ландшафты қызықтай алады. 
 
Айта кетейік, 2014 жылғы "Іле-Алатауы" ұлттық паркініне қарасты 1002,0 гектар жер учаскесі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатынан "Көкжайлау" курортының құрылысы мен жұмыс істеуі үшін, Алматы қаласы Медеу ауданының босалқы жер санатына ауыстырылған болатын.
 
2021 жылы ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен аталған аумақты "Іле Алатауы" паркіне қайтару мәселесін қарау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия мүшелері мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына қайтаруды заңды деп санады.
 
Көкжайлау шатқалының табиғи байлығын сақтап қалу біздің ортақ міндетіміз!

Өзгелердің жаңалығы