Көктайғақ. Жамбыл облысында жолдар қайта жабылды

16 Желтоқсан 2023, 10:27
964
Бөлісу:
Көктайғақ. Жамбыл облысында жолдар қайта жабылды
Фото: gov.kz

Жамбыл облысының жолдарында жаңбыр салдарынан қатты көктайғақ пайда болды, деп хабарлады BAQ.KZ көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Өңірде автокөлік қозғалысына қайта шектеу енгізілді.

15 желтоқсанда сағат 23-30-да жолдарды қардан тазарту аяқталғаннан кейін Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарындағы бірқатар учаскелерде қозғалыс жанданған болатын. Тас жолдарда жиналған автокөліктер Алматы және Шымкент қалалары бағытында жүруді жалғастырды.

Алайда, 16 желтоқсанда сағат 4:00-де Жамбыл облысының аумағында төмен температурада нөсер жаңбыр жауа бастады, бұл қатты көктайғақтың пайда болуына әкеліп соқты. Осы себептен аталған жолда көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс қайтадан шектелді.

Осылайша, ағымдағы сәтте ауа-райының нашарлауына байланысты (төмен температура, нөсер жауын, боран) 4 облыста: Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу өңірінде республикалық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді.

Жабық учаскелер туралы толық ақпаратты жақын арада Көлік министрлігі ұсынады.

Өзгелердің жаңалығы